Биыл қаланы ыстық сумен қамтуға қомақты қаржы қаралып, ауқымды жоба бастау алды. Сондай-ақ, қалаға қарасты бірнеше ауылға газ тартылып, жұртшылық от жағып, күл шығару машақатынан құтылып отыр. Жыл бедеріндегі байырқалы бастамалар турасында қала әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен өткен қорытынды жиында айтылды.

 Шыны керек, барлық шаруа қаржыға келіп тірелері белгілі. Бұл ретте биыл қала тайғазаны толығып, көптен қол бармай жүрген жобаларға жан бітті. Негізінен, жыл басында бюджет 58 млрд теңгенің шамасында бекітілген. Дегенмен, жыл жабар сәтте игерілген қаржы 113 млрд теңгеге жетіп отыр. Қала қарқынды құрылыс алаңына айналып, 2032 пәтерлі 44 көпқабатты тұрғын үй салынған. Сондай-ақ, ауыл-аймақты газдандыру ісінде де қарқын бар.

НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ /Халыққа ең қажетті саналатын көгілдір отын тарату мақсатымен 1,2 млрд. теңгеге Ақжарма елдімекенін, 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн. теңгеге қалада көгілдір отын желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жүзеге асырылуда. Алдағы жылға Қызылөзек ауылдық округі және Бірқазан елді мекенін көгілдір отынмен қамту негізгі жоспарға енгізілді.

 Биыл облыс орталығында жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіруге де ерекше екпін берілді. Бұл салаға 36 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде 99 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жасыратыны жоқ, қалаға қарасты елді мекендердің электр желілері әбден тозған. Бұл жұмыстарға 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалып, 9 жоба жүзеге асты. Жиында шаһар басшысы келер жылы атқарылатын ауқымды бастамаларды да тілге тиек етті.

 НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ /Келер жылы еліміздің бас қаласы - Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары бастау алады. Құны 5.1 млрд. теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары салынуда.

Оңды бастамаларды баяндаған қала әкімі мұнан соң әр салада жемісті еңбек еткен жыл үздіктерін марапаттады. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері мен бірнеше маманға облыстың құрмет грамотасы табысталып, адал еңбек иелеріне құрмет көрсетілді.

 Жыл үздіктерінің еңбегі дәріптелген салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, өңір өнерпаздары жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.