Қазалы ауданында жыл қорытындыланып, үздіктер марапатталды. Салтанатты жиында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы тарқатып айтты.

Биыл Әйтеке би кентінде 120 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды және 200 адамға арналған «Әмір Арена» спорт кешені пайдалануға берілді. Ал Абай ауылының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Жалпы аудан бюджеті 11 айдың қорытындысымен 18,6 млрд. теңгеге жеткен. Салтанатты шарада жыл бойы жемісті еңбек еткен түрлі сала мамандарына құрмет көрсетілді. Мәселен, Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Арнұр Аманкелдіұлы «Жылдың үздік теміржолшысы» атанды. Қызылқұм дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Дәмегүл Омарова «Жылдың үздік дәрігері» номинациясына ие болды. Ал еңбек ардагері Алмагүл Қаржаубаеваға «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды.