Қаладағы Сәкен Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінің жанынан қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осы арқылы білім ордасында кабинеттер саны көбейіп, оқушылардың ыңғайлы әрі жайлы нысанда емін-еркін білім алуына мүмкіндік туып отыр.
Қала орталығында орналасқан №4 IT мектеп-лицейі кезінде 630 орынға шақталып, салынған. Бірақ, жылдан жылға бала саны ұлғайып, бүгінде мұнда білім алушылар қатары мыңға жуықтапты. Салдарынан мектеп асханасына балалар сыймай, оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде түрлі мәселелер туындады. Сондай-ақ, оқушылар сабақтан тыс қосымша үйірмелерге қатысу кезінде де орын тапшылығы байқалды. Енді міне, мектеп іргесінен үш қабатты қосымша ғимарат салынып, 300 оқушы екі ауысымда білім алып жатыр. Сондай-ақ, 100 орындық жаңа мектеп асханасы да стандарттық талапқа сай жабдықталған. Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Мұнан кейін, қосымша ғимараттың жұмысымен танысты.
АЛМАТ РАХМЕТОВ – С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №4 IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ
Бұл қосымша ғимараттың құрылысы қаңтар айында басталып, қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны 987 млн теңгені құрайды. Жалпы 300 орындық бастауыш сыныптық оқу корпусы мен 100 орындық асхана салынды. Бірінші кезекте мектептегі асхана мәселесін шешіп тұр. Бұрын мектеп ғимаратының «А» блогында ыңғайластырылған бөлмеден асхана жасап, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келгенбіз. Енді типтік жобадағы ғимаратта барлық жағдай жасалған. Бұл енді барлық баланы ыстық тамақпен кедергісіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.//
Тілші: Заманауи үлгіде салынған жаңа нысан бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мұнда балалардың шығармашылық дамуы мен кедергісіз білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Атап айтар болсақ, арнайы сыныптардан бөлек, театр, шахмат, робототехника және өсімдіктерді күтіп, баптауға арналған бөлмелер ашылған.
АҚБОТА ӘБДІНӘБИ – ОҚУШЫ
Бұл біздің мектептегі ерекше әрі әдемі кабинеттердің бірі «Жасыл кабинеті». Біз сабақтан тыс түрлі табиғаттың маңыздылығын түсініп, экологиялық білім алатын арнайы орта. Бұның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға үйрету. Мұнда түрлі жиһаздар, жасыл өсімдіктер қойылған. Заманауи техникалар орналастырылған. Біз осы сыныпта түрлі табиғатты қорғауға арналған жобаларды іске асырды.
Айта кету керек, былтыр облыс орталығында 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1850 орынға арналған қосымша ғимарат салынған болатын. Білім беру саласындағы бұл игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.