#qyzylordatv #news #жаңалықтар #қызылорда

Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Жиында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Бүгінде аймақта 84 мыңнан астам ардагер 761 бастауыш ұйымға біріктірілген. Өткен жылы Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне бір реттік қаржылай көмек көрсетілген. Ал 130-дан астам қария ел аумағындағы төрт шипажайда ем алып, демалған.

Қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған шаралар негізінде қазыналы қарттар Ұлытау, Түркістан және Сыр өніріндегі тарихи нысандар мен кесенелерді аралап, зиярат жасады. Мәжіліс барысында ардагерлердің қоғамдық шараларға белсенді қатысуы, әлеуметтік мәселелерді шешу және жастар тәрбиесіне үлес қосу жайы талқыланды. Сонымен қатар бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыру және ардагерлер тәжірибесін қоғамға насихаттау қажеттілігі айтылды. Қатысушылар Мемлекет басшысының реформаларын қолдау және жастар арасында еңбек құндылықтарын дәріптеу мәселесіне ерекше тоқталды.

СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ – Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген мақаласын талқылап, алдағы пленум мен жұмыс жоспарын бекіттік.

ҚАЛҚАЗБЕК ӘЖІБЕКОВ – ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ – Мәжілісте маңызды мәселе көтердім. Биыл президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мектеп кезінен балаларды еңбекке баулып, қосымша мамандықтарға үйретуді қолға алу қажет деп есептеймін.