Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда екі мәселе күн тәртібіне шықты. Олар – аймақта кәсіпкерліктің даму барысын зеределеу, Кіші Аралды сақтап қалудың 2-ші компоненті бойынша ұсынылған әлеуметтік-экономикалық жобалардың тиімділігін талдау.
Ашығын айту керек, қолға түскен зерделеу деректерін қарасақ, аймақта кәсібін әжептәуір бастағандар, жақсы табысқа шыққандар да, жарты жолда тастағандар да бар. Дара кәсіпкерлер арасында да, заңды тұлғалар тарапынан да. Мәселен, былтыр Қызылорда қаласында 8655 дара кәсіпкер тіркелген болса, 9440-ы тіркеуден шығып кеткен. Мұндай тенденция тек қалада ғана емес, аудандар бөлінісінде де осындай көрініс. Мысалға, Қармақшы ауданында былтыр 31 заңды тұлға тіркелсе, 62-сі тіркеуден шығып кеткен. Құзырлы басқармаға жақында келген басшы Дәурен Әбілқайыровқа кеңес мүшелері сауалдармен қатар, ұсыныстар да айтты. Соның ішінде Байқоңыр қаласына арнайы іссапарға баруын, ондағы кәсіп иелерінің ахуалын білуін, босап жатқан ғимраттарды тиімді шартпен жергілікті кәсіп иелеріне берілуін реттеу, фискалдық операциялардың ықпалын зерделеу сынды мәселелер. Жиында сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Ғизат Әбілтай корпорация тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде қосымша баяндама жасады.
Кеңес мүшелері кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаржының тиімділігіне мониторинг жасау, ауылдарда кәсіп иелерінің қатарын көбейту мақсатында көтермелеу шараларын қолға алу, т.б. сынды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Ал, екінші мәселе - Кіші Аралды сақтаудың 2-ші компененті бойынша ұсынылған әлеуметтік-экономикалық жобалар тиімділігін талдауға қатысты пікірсайыс белсенді өрбіді. Бұл жерде өр, өрме деп дискуссияны ұзарта беру өнбейтін іс, бастысы, жобаның экономикалық тиімділігіне басымдық беріледі, - деді өз кезегінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы С. Сермағанбетов
Қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік-экономикалық жобаларға айрықша назар аударып, көптеген жобалардың тиімсіздігін атап көрсетіп, өз ұсыныстарын білдірді.
Қаралған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар облыс әкімдігі мен тиісті мекемелерге жолданатын болады. Еске сала кетейік, биыл қоғамдық кеңес қайта жасақталады. Жиын барысы туралы толығырақ аптлық шолу – «Үштаған» АСБ толық айтатын боламыз.