#qyzylordatv
Сыр сүлейлерінің сарқыты, Жиенбай жырау мектебінің көрнекті өкілі, әнші, сазгер, жырау Айнұр Ешбаеваның туғанына биыл елу жыл. Осыған орай өнер көгінде жасындай жарқырап, ерте сөнген шоқ жұлдызды еске алу кеші өтті. Тағлымы мол танымдық шарада естелік әңгімелер айтылып, жыр жалауы желбіреді.
Айнұр Ешбаева жүз жырауын жүзіктеген Қармақшы өңірінің тумасы. Киелі топырақта туған ол жыршылық өнерге кішкентайынан құмар болған. Он жасында қолына домбыра алып, белгілі жырау Бидас Рүстембековтен тәлім алды. 1990 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, білімін жетілдірді, кәсіби маман атанды. Алғаш еңбек жолын облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығында жетекші маман болып бастаған Айнұр қызметпен өнерді қатар алып жүрді.
КАТИМА ОРМАХАНОВА, А.ЕШБАЕВАНЫҢ АНАСЫ \кішкентай кезінен бойына дарыған, арғы атасы жырау болған. Өзінің туған атасы жанынан күй шығаратын, әкесі де домбыра шертетін. Өмірі қысқа болды, артында ұрпағы қалмады демесең ізі бар. .... \
Айнұр жиырма екі жыл ғана өмір сүрсе де артына өшпес мұра қалдырды. Жыр анасы Шәмшат Төлепованың батасын алып, өнер көгінде жасындай жарқырады. Сыр сүлейі Ешнияз салдан бастап, Базар жырау, Омар ақын, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, дүр Оңғар, Сейітжан, Жиенбай жы-раулардың шығармаларын орындады. «Көрұғлы», «Рауа бану» дастандарын жырлап, ерекше мақамымен ел есінде қалды.
СЕРІК ЖАҚСЫҒҰЛОВ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ, ЖЫРАУ \Дүниеден өтерінің алдында бір ай ғана бұрын Шәмшат Төлепованың 60 жылдығында үлкен байқауға қатысып, Рауа бануды толық жырлайды. Сонда мақам сазының өзі 7-8 мақамға сала отыра кешегі көне жыраулардың тынысыменен, тылсым дүниемен жырлаған. Жалпы, Айнұр Ешбаева өнердің өз адамы, жыраулық дәстүрдің жолын ұстанған, кие қонған өнерпаз деп танимыз\
Айнұр Ешбаева жыршылық өнерден бөлек сазгерлік қырымен де танылған. Оның «Көз алдымда тұрсың сен..» деп аталатын әнін кезінде Мақпал Жүнісова мен Елена Әбдіхалықова орындаса, еске алу кешінде Эльмира Қанатбаева айтып, көрерменнің ықыласына ие болды.
Еске алу кешінде Берік Саймағамбетов, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева сияқты жыр жампоздары өнер көрсетіп, текті өнерді төрге оздырды. Сондай-ақ Айнұрдың ізіне ерген бауырлары Айгерім Ешбаева мен Назерке Бостанқызы Тұрмағамбеттің нақыл сөздерін нақышына келтіре орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.