#qyzylordatv

Орталық Азия мен Африка арасы біртабан жақындай түсті. Конго Демократиялық Республикасының президенті Феликс Чисекеди тұңғыш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі мейманды күтіп алған Мемлекет басшысы Ақордада кеңейтілген келіссөз жүргізіп, біршама құжатқа қол қойылды. Ол қандай келісімдер? Бұл сапардың мақсаты қандай?

 Бұл сапардың стратегиялық мәні зор. Дәлірек айтсақ, бұл – екіжақты қатыныстардың жаңа кезеңі басталғанын ағартады. Сондықтан болса керек Қазақстанға тұңғыш рет табан тіреген Конго президентіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше ылтипат білдірді.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ // Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп жатсыз. Шын мәнінде, мұны тарихи сапар деуге болады. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл қадам Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі.

 ФЕЛИКС ЧИСЕКЕДИ - КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ // Маған және делегациямызға көрсеткен қонақжайлық ниетіңіз үшін Сізге, сондай-ақ Қазақстан халқына алғыс айтамын. Мен екі ел, жалпы алғанда, Африка аймағы мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапармен келдім. Әрине, біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста орналасқан. Дегенмен осындай сапарлар бізді жақындастырып, бір-бірімізді жіті тануға мүмкіндік береді.

 Конго Демократиялық Республикасының халықаралық және аймақтық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Өйткені Африканың аталған елі адами һәм табиғи ресурстарға бай. Атап айтсақ, халық саны 110 млн-нан асады. Экономикалық жағынан бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдері үшін алып нарық. Кездесудің де мақсаты осы: Орталық Азия мен Африка арасындағы байланысты күшейту.

 СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ // Қарым-қатынасымыз өте терең. Себебі біздің ірі компания ERG сонда жер қойнауымен айналысып жатыр. Біраз активтер бар. Сол себепті инвестициялық қарым қатынас деп айтуға болады. Тауар айналымымыз 4,7 млн АҚШ доллары болды.

 Әрине бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сондықтан алыс-берісті жандандыра түскен абзал. Мәселен әлемдегі кобальт өндірісінің 76 пайызы, мыстың 14 пайызы, қалайының 8,3 пайызы, танталдың 42 пайызы, колтанның 40 пайызы Конго Демократиялық Республикасына тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар. Қазақстан осы бағыттарға инвестиция сала алады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ// Қазақстан Конго Демократиялық Республикасымен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Ықпалдастықты ерекше серпінмен тереңдету үшін барлық мүмкіндік бар. Жоғары деңгейдегі саяси ниетіміз – ортақ, сауда-экономикалық әлеуетіміз – мол, мәдени-гуманитарлық саладағы мақсат-міндеттеріміз бір.

 Келіссөздер барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

ФЕЛИКС ЧИСЕКЕДИ - КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ // Халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерімді саламын. Өз елімнің, сондай-ақ тұтас Африка құрлығының мүддесіне сай келетін ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздеп, оны одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Орталық Азия өңірі әзірге Африкаға аса таныс емес. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы ынтымақтастығымыз қос құрлық арасындағы байланыстар тарихында маңызды кезең болатынына сенімдімін.

Осылайша екі континенттің, дәлірек айтсақ Орталық Азия мен Африканың арасы біртабан жақындай түсті. Мемлекет басшысы қазақ елінің ерекше құрметі және шынайы ризашылығы һәм ыстық ықыласының нашына ретінде Конго президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.