Қазір өңірдегі шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмелерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң аясында талапқа сай келмеген жеке мекемелерді қаржыландыру тоқтатылады. Есесіне, енді оқушыларға жергілікті мәдениет және спорт ошақтарында тегін білім алуға жағдай жасалмақ.
Арнайы құрылған зерделеу тобы әлі түпкілікті қорытынды шығарған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде өңірде спорт пен мәдениет бағыты бойынша 415 үйірме жұмысын тоқтатқан. Оларда 10 мыңнан астам оқушы дәріс алады, деп көрсетілген. Бірақ тексеріс барысында үйірме есігін ашпаған жеткіншектер көп кездесіпті. Жалпы, өткен жылы базадағы бала саны 32 мыңды құраса, биыл тексеріс нәтижесімен олардың 60 пайызы жәй есеп үшін тіркелгені анықталды. Мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған өнім берушілер заң аясында жауапқа тартылады. Десе де бұл келеңсіздіктен талабын ұштауды көздеген оқушылар жапа шекпейді. Ол үшін облыс орталығы мен әрбір ауданда арнайы мамандар бекітіліп, мәдениет және спорт ошақтарының жұмысын ширатпақ.
МИРА ҚАЗБЕКОВА – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Арнайы жұмыс тобы өзінің жұмысын әлі аяқтаған жоқ. Соңғы қорытынды енді белгілі болады. Десек те, 10 мыңнан аса баланың біз бөлінісін жасап қойдық. Мәдениет үйлеріне, орта мектептерге, оқушылар үйіне және елді мекендерде, облыс орталығында болсын спорт кешендеріне тегін қатынай алады. Ол үшін әрбір ата-ана өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша баласын қауіпсіз жерге, яғни, мемлекттік мәдениет үйіне немесе спорт кешеніне тегін бере алады.