#qyzylordatv
«Биыл Қазақстан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылуы тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осындай тапсырма жүктеген болатын. Арал ауданында осы мақсатта ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі – Ақбасты елді мекені күні кеше ауыз су желісіне қосылды.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //400-ден астам тұрғыны бар Ақбасты елді мекенінің халқы 60 жылдан астам уақыттан бері тіршілік нәрін 18 шақырымдай қашықтықтан тасып ішіп келді. Енді міне елді мекен биылдан бастап орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылып, сапалы суға қол жеткізді.//
Иінағашпен шелектеп су таситын күндер артта қалды. Ауылға ұзындығы 117 шақырым болатын магистральдық су құбыры тартылды.
АЙДАНА СӘУІЛХАНҚЫЗЫ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //Немерелеріміз суды төксе ойбай төпе дейтінбіз. Жанымыз қалмайтын. Қыс болса қар арқалап, жаз болса иін ағашпен су тасыдық. Өлшеп су алатынбыз. Ауыл тұрғындары қуанып жатырмыз. Ешкім ойлаған жоқ. Үкіметке рақмет, ауыл тұрғындарын ойлаған.//
Ақбастыны ауыз суға қосу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасын шолып өтті.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Арал ауданы қарышты дамып келеді. Осыдан 3 жыл бұрын аудан бюджеті 10 млрд теңге көлемінде болса, қазіргі таңда 22 млрд теңгеден асты. Ауқымды қаражатқа аудандағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталуда. Мемлекет басшысы 2025 жылдың аяғына дейін барлық елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, 16 млрд 700 млн теңге қаражат бөлініп, 55 жоба жүзеге асырылды. Осының арқасында орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылу көрсеткіші 98,6 пайызды құрады. Биылғы жылы бұл жұмыстарды жалғастыруға 12 млрд 100 млн теңге қаражат бөлініп, 9 елді мекенге ауыз су желісі жүргізілуде.//
Бүгінде облыста барлығы 230 елді мекен бар. Оның ішінде 204 ауыл мен 4 қалада ауыз су мәселесі шешілген. Биыл тағы 9 елді мекенге ауыз су тартылмақ. Оның ішінде Арал ауданындағы Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары бар. Іс-шарада сөз алған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жыл аяғына дейін аймағымызда тағы 3 су құбырының құрылысы аяқталатынын айтты.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ //Су-тіршіліктің көзі. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту болашақ ұрпақ үшін аса маңызды. Сондықтан су құбырын жүргізген мердігер мекеме азаматтарына үлкен алғысымды білдіремін. Жалпы еліміз бойынша 2600 шақырым болатын су құбыры салынады. 1 млн 300 мың адам ауыз суға қосылып, жағдайы жақсарады. Құрметті ауыл тұрғындары, сіздердің қуаныштарыңыз үшін ризамын. Құтты болсын!//
Барлық үйге су құбыры тартылып, тіршілік нәрімен толықтай қамтылған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
СӘУІЛХАН СМАҒҰЛОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //қағанағы қарық, сағанағы сарық ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі, тіршілікке керегі әуелі ауа, екінші су. Осыған дейін суды 30 км, тіпті болмай қалған уақытта 100 км жерден тасып іштік. Соның барлығына халық көз жұмып, осы уақытқа дейін келді. Сондықтан бұл суды біз көп күттік және қазір дән ризамыз.//
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісіне қол жеткізді. Жыл аяғына дейін аймақта ауыз су мәселесі толықтай шешімін таппақ.