Ескіні жаңартып, ел алғысын арқалаған жан. Шиелі ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғыны Жанат Арыстанова көне үй жиһаздарының кетілгенін жетілдіріп, қайта кәдеге жаратып жүр. Ісі тиянақты ісмер үй ауласынан шағын шеберхана ашып, бірнеше жасты жұмыспен де қамтыған. Еңбек адамының байырқалы бастамасы турасында тілшіміз сабақтайды.
Жанат Арыстанова 7 жылдан бері көне жиһаздарды жаңғырту жұмыстарымен айналысып келеді. Оның ісмерлігін төңірек түгел танып қалған. Қазір Алғабас ауылында ескіні қоқысқа тастау, деген ұғым жоқ. Тіпті, аудан орталығынан келіп, осы кісінің көмегіне жүгінетіндер көбейіпті. Шыңдалған шебердің қолына тоз-тозы шыққан бұйымды бүгін тапсырсаңыз, қайта айналып соққанда танымай қалуыңыз мүмкін. Әрі жұмысы жылдам, мәселен, мына диванды бір тәулікте жасап шығыпты.
ЖАНАТ АРЫСТАНОВА – ТІГІН ШЕБЕРІ
Біз қазір сіз жасаған бұйымда отырмыз ғой. Қандай жағдайда келгенін білмейміз. Бір күнде жасап шығу үшін барлық жұмысты өзіңіз атқарасыз ба?
Кейіпкеріміздің жолдасы да бесаспап. Ағаштан түрлі бұйым жасайды. Сондықтан, жұртшылықтың әкелген көне жиһаздары әуелі осы кісінің қолынан өтеді екен. Ал сыртқы әрлеу жұмыстары отанасына жүктелген. Бір сөзбен, нағыз отбасылық кәсіп. Екеуі 6 ұл-қыз өсіріп отыр. Олардың бәрі еңбекке епті.
ӘБІЛДАХАН БЕКОВ – АҒАШ ҰСТАСЫ
Келіншегім ескі дивандары жаңартып, жұрттың кәдесіне жарап жатыр. Мен де ағаш ұстасы ретінде қолғабысымды тигізіп жатырмын. Әкеміз бәрі ұста болды ғой. Көзімді ашқалы әйтеуір балға қолымнан түскен емес. Кішкентайымнан бірдеңе тықылдатпасам отыра алмайтынмын. Кез-келген ағаш бұйымдарын жасай беремін/
Осылайша адал еңбектің шамын жаққан жандар қолда барды ұқыппен ұқсатып, тиянақты тірлік атқарып келеді. Бір жағынан бұл шаңырақтағы жас жеткіншектерге өмірлік азық. Шыны керек, ескіні жаңғырту өнімі аз шаруа. Тірліктің көбін қол күшімен атқаруға тура келеді. Осы орайда кейіпкеріміз қасына еңбекке епті жастарды тартып, кәсібін кеңейтсем, дейді.
ЖАНАТ АРЫСТАНОВА – ТІГІН ШЕБЕРІ
Көне машина болса да, өзіміздің тірлігімізге жарап жатыр. Заманауи осындай дивандарымиызды шығарып жатырмыз. Биыл жұмысшыларды қолдау жылы екен. Соған орай станоктарымызды жаңартқымыз келеді.
Кейіпкеріміз ескіні жаңғыртуды сауапқа балайды. Сондықтан, еңбегін аса жоғары пұлдамайды. Бастысы, тиянақты тірлігімен ел алғысына бөленгеніне риза. Бағамдасақ, бұл нағыз еңбек адамына тән қасиет.