Өңірде өрт оқиғасының азайғаны байқалады. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Асхат Оразбеков баспасөз брифингінде баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша далалық аумақтағы жалын да біршама азайған. Жалпы, облыста жану қаупі бар 7 млн гектар жер болса, оның 4 млн-дай гектары орманды алқап. Былтыр өрт салдарынан келген шығын 700 мың теңгені құраған. Ал, тұрғын үй секторларындағы тілсіз жау көбіне қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараудан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуден, балаларды қараусыз қалдырудан тұтанады екен. Сол себепті, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуде.