#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #жол #сапа

Құрылыс жұмыстарында кідіріс болмауы қажет! Басталған жобалар нәтижелі әрі сапалы аяқталуы тиіс. Облыс әкімі қаладағы бірқатар құрылыс нысанын аралап, жауаптыларға осындай тапсырма берді.

 Алдымен Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда Арена» көпфункционалды кешенін салатын орынға барып, дайындық жұмыстарын көрді. Төрт қабатты ғимарат Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында орналасады деп жоспарлануда. Спорттық нысанда еркін және классикалық күрес, бокс, теннис, таэквандо, самбо мен дзюдоға арналған залдар қарастырылмақ. Сондай-ақ, әмбебап және шағын спорт залдары, бассейн, тренажер, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған киім ауыстыратын және тағы да басқа қосалқы бөлмелер орналасады. Мамандардың айтуынша, «Қызылорда Арена» оқу-жаттығуға, жарыстар өткізуге мамандандырылған кешен болады деп күтілуде. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын бекітілген мерзімде бастап, уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін, аймақ басшысы «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Өткен жылдан бері даңғылдың Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралығында Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда. Мердігер мекеме бұған дейін 1,2 шақырым жолын кеңейтіп, асфальт жабындыларын төсеген. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық бөгет нығайтылды. 1,4 шақырым тіреу қабырға, 820 метр аумаққа жиек тұрғызылды. Даңғылдың жалғасы ретінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі қорғаныс бөгетін нығайту мен 2,9 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған.