Аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтарға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір мен денсаулық сақтау саласының үздігі Абдулла Шүленбаевты қабылдап, мерейтойымен құттықтады.

Әбдіжәлел Қошқарұлы Парламенті Мәжілісінің депутаты кезінде өзекті мәселелерді көтеріп, еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары», «Жарнама туралы», «Тіл туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдардың қабылдануына атсалысты. Алаш қозғалысын зерттеп, 10 монография, 2 оқулық, 200-ден астам ғылыми мақала жазған. Ерен еңбегімен саяси ғылымдар докторы, профессор ғылыми атақтарын, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды.

Ал, Абдулла Сыздықұлы еңбек жолын 1973 жылы облыстық ауруханада қатардағы дәрігерден бастап, бөлім меңгерушісі, директор қызметтерін атқарған. Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін Сыр медицинасының қарашаңырағы көпбейінді облыстық ауруханада қызметін жалғастырып, жас мамандарға хиругия саласының қыр-сырын үйретумен айналысып келеді. Жарты ғасырдан астам еңбек жолында 15 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өміріне араша болған. Қазіргі таңда еңбек жолын хирург-кеңесші ретінде жалғастыруда. Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерейтой иелерінің елдік жолында атқарған игі істерін атап өтіп, облыстың ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасын табыстап, сый-құрмет көрсетті.