#qyzylordatv

Жылдар жылжыған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған майдангерлердің ерлігі асқақтай бермек. Жалпы, екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 150 мыңнан астам сарбаз аттанды. Солардың 90 мыңға жуығы қан майданда опат болған. Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жат жерде жан тапсырған боздақтың бірі сырдариялық Әлібай Ыбырайұлы. Жиырма жасында «Қызыл жұлдыз» орденін иеленген қазақ жауынгерінің қайсарлығы хақында тілшіміз сабақтайды.

Әлібай Әбдірашов 1922 жылы Сырдария ауданы, Майлықұм ауылында дүниеге келген. Оқуда озат атанған азамат небәрі 19 жасында өз еркімен ұрыс даласына аттаныпты. Қазақ жауынгері жастығына қарамастан атқыштар полкіне қабылданып, Украина жерін азат ету шайқасының бел ортасынан табылды. Оның бірнеше жорықта жау шебін талқандаған ерлігі тарихи құжатта хатталған.

МЕЙРАМКҮЛ ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ – БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ / Атқыштар полкінде ұрысқа бірнеше рет қатысқан. Аға лейтенант шені бар. 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен сол соғыста көрсеткен ерлігі үшін қыркүйек айында марапатталған. / Әлібай көкемді біз мақтан етеміз. Әрқашанда есімізде, жүрегімізде сақталады.../

Әлібай Ыбырайұлы мергендігімен дараланып, үнемі алғы шепте шайқасыпты. Мұны батальон командирі жазған осы бір үзік хаттан аңғаруға болады. Онда көрсетілген дерекке сүйенсек, қазақ батыры Воронеж қаласын азат еткен ұрыс кезінде 20-дан астам басқыншының көзін жойған. Оның осы ерлігі ескеріліп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Алайда ізін ала қоршауда қалып, жау оғынан қаза табады.

 ТЫНЫМКҮЛ ЫБРАЕВА – Ә.ӘБДІРАШОВТІҢ ҚАРЫНДАСЫ / Егер де ол кісі 1943 жылы қаза таппай аман-есен келгенде герой болып оралар еді. Командир орынбасары болған. Бір күнде өзінің қаруымен 27 басқыншының көзін жойған. Мұны батальон командирі хатында өзі жазған/

 Сұрапыл соғыс кімді аяған дейсің. Талай сынақтан сүрінбей өткен жауынгер қызылтаяң сәтте құрбан болды. Бір анығы ол ерлік рухын дәріптеп, туған жерге жеңіс жалауын желбіретіп келуді көздегені анық. Дегенмен, қазақ батыры жат жерде жан тапсырса да, бүгінгі бейбіт күннің жаршысы бола білді.

 ШЫРЫНКҮЛ ЫБРАЕВА – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ /19 жасында кеткен соғысқа, 20 жасында батыр атағын алған. Ал 21 жасында бұл кісі сол қан майданда қайтыс болады. 01:56 Бұл кісі жалғыз, артында ұрпақ жоқ. Біз ізденіп жатырмыз қазір. Өзінің кіндік қаны тамған жерден көшеге аты берілсе дейміз.../

 Бұл қан майданда тағдыры талауға түскен бір ғана ғұмыр. Жалпы, 1418 күнге созылған соғыста 600 мыңнан астам қазақстандық майданда шейіт болды. Соның 90 мыңға жуығы Сыр өңірінің перзенті. Бағамдасақ, 90 мың тағдыр - 90 мың үзілген үміт. Өйткені, бозбала шақта ажалмен арпалысқан азаматтардың артында ұрпақ қалған жоқ. Бірақ олардың ерлігі ұмытылмайды, керісінше, уақыт өткен сайын осылай жаңғыра түспек.