#qyzylordatv
Сыр өңірінде 45 жастан асқан ардагерлер арасында футзалдан әуесқойлар лигасының қысқы маусымы мәресіне жетті. Сегіз команда таласқа түскен доп додасы енді жазғы лигамен жалғаспақ.
Сегіз командадан жүзге жуық ойыншының басын қосқан жарыс күзде басталған болатын. Содан бері екі айналымда шеберлік байқасқан командалар соңғы турға дейін жеңімпазды анықтай алмады.
Ерекшелігі сол ардагерлер лигасында әр турдың үздік ойыншылары анықталған. Және оларға Багратион Абдулпаттаев, Серік Сансызбаев, Қыпшақбай Қайнаров, Владимир Алейников сынды Сыр футболының дамуына үлес қосқан азаматтардың есімін жаңғырту мақсатында арнаулы жүлделер табысталды.
Сондай-ақ, «Үздік ойыншы», «Үздік сұрмерген», «Үздік қорғаушы», «Егде ойыншы» секілді бірнеше номинация бойынша ойыншылар марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. Лига қорытындысымен үздік үштікті «Ділмаш» түйіндесе, ІІ орын «Жаңақорған» командасына бұйырды. Ал «Отбасы банк» командасы чемпион атанды.
Айта кетейік, облыстық ардагерлер футбол одағы әуесқойлар лигасының жазғы маусымын 50 жастан жоғары ойыншылар арасында өткізуді жоспарлап отыр.