#qyzylordatv
Отты жылдардың естелігіндей болған сарғайған хаттар мен жырлар – бүгінгі ұрпаққа сұм соғыстан қалған бір дәлел іспетті. Сыр елінің ақындары да зұлмат кезеңді өз жырларына қосты, кейінгі жыраулар қоңыр үнімен әуелетіп таспалады. Енді бұл асыл мұра – рухани антологияға айналмақ. Майдангер ақындардың шығармалары қалай жинақталып жатыр? Тілшіміз Назира Алмас баяндайды.
НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ
Майдан даласынан жолданған жырлар жауынгерлерге рух сыйласа, туған жерге деген сағыныш хатпен жетті. Сол жырлар бүгінде ел жадында мәңгілік алаудай маздамақ.
«Хат жазамын майданнан мейірімшіл ғазиз анама» деп қазалылық Нұрсұлтан Жұбатов жырласа, қармақшылық жауынгер ақын Әбзәли Егізбаев «Қастасқан жауды жеңеміз, Жеңіп елге келеміз» деп майдан даласынан елге үмітке толы өлең арнады. Қамыққан көңілді, жабыққан жүректі жұбатты. Бұл – соғыс жылдарында майдан мен ел арасында толассыз алмасқан хаттардан алынған жолдар. Бүгінде сол хаттар жыраулардың орындауында күйтабақтардан жинақталып, ғылыми тұрғыда жүйеленіп жатыр. Мақсат – соғыс жырларын бір арнаға тоғыстырып, Сыр антологиясын әзірлеу.
ФЕРУЗА ОҢТАЛАП – ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРАУЛАР ҮЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ Бұл хаттарды зерделеп, қарап отырсаң тіпті тарихи сұрақтардың жауабын тауып жатасың. Ол туралы мысалы, белгілі мұрағатшы, журналист марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің кітаптарынан көп кездестіруге болады. Сарғыш тарта бастаған хаттарды оқып, зерделеген кезде, сонау соғыс сұрапыл жылдары майдан даласында бір сәт тыныштық тауып, блиндажда, госпитальде немесе окопта отырып жауынгерлердің елді сағынышпен еске алып, хат жазып отырған жауынгердің бейнесі елестейді.
НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ Менің қолымдағы жай ғана күйтабақ емес. Сұрапыл соғыс жырларын орындаған жыраулар үні сақталған, кеше мен бүгінді байланыстыратын таспалар. Қазір осы залда күңіренген күйтабақтар қайта тыңдалып, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – тек өнер емес, тарих.
Осылайша Ұлы Жеңістің 80 жылдығында орай жергілікті жыршылар 80 «Майдан жырын» жырлап, хұсни хаттарды тыңдарманға ұсынуда.
Интершум://«Майданнан хат» Рысбек Әшімовтің орындауында//
Бұл ақын Нұрсұлтан Жұбатовтың «Майданнан хат» жырын орындаған Рысбек Әшімовтің қоңыр үні. Көзі тірісінде жазылған үннің таспаланғанына да қырық жылға жуық уақыт болды дейді.
АМАНДЫҚ БҮРЛІБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Көптеген ақын жырауларымыздың шығармалары, ән-жырлары қолымызға тиіп жатыр. Нұрсұлтан Жұбатовтың «Майданан хат», «Майданға хат» жырлдары белгілі жырау Рысбек Әшімовтің орындауында қолымызға тиді. Көшеней Рүстембековтің Әбзәли Егізбаевтың жырларын орындаған жырлары қолымызға тиіп жатыр.
Интершум: //Бексұлтан орындауында «Майданға хат»//
БЕКСҰЛТАН ОРЫНБАСАР – ЖЫРШЫ
Үрмәш Түктібаев – Ұлы Отан соғысында шиіт болған. Оны анасына естірту оңай болмаған. Сол шаруаны елдің ақсақалдары Нұрсұлтан Жұбатовқа сеніп тапсырған. Содан кейін Майданнан хат жыры шыққан. Содан кейін «Майданнан хат» жырларын майдангерлердің атынан Нұрсұлтан Жұбатов жазса, ал елдегі аналардың атынан жауыпты «Майданға хат» деп Әбілхан Маханов жазған.
Соғыс уақытында мұндай жырлар майдан мен ауыл арасындағы көпір болды. Сарғайған хаттар мен таспаға жазылған үндер – ұмытылмауға тиіс рухани естелік.