#qyzylordatv
Аптап ыстық алқымнан алып тұр. Ал, соңғы екі күн ішінде басынан күн өту, қан қысымы жоғарылау сынды шағымдармен жедел жәрдем стансасына 200-ге жуық шақырту түскен. Ыстықтың беті әлі қайта қоймай ды. Сондықтан мамандар ми қайнатар ыстықта үйде отыруға кеңес береді. Әйтпесе табадағы жұмыртқа секілді пісіп қалуыңыз ғажап емес. Тілшіміз Дәулет Сағит жасаған кішігірім экспериментке назар аударайық.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Әлеуметтік желіні қолданушы жапониялық азамат өз еліндегі аптап ыстықты осылай әдемі әзілмен бейнелепті. Мен де бүгінгідей аптап ыстықта жұмыртқаны қуырып көргім келіп тұр. Ол үшін мына қолымдағы табаны күннің көзіне 20 минуттай қойып алдым... Экспериментке кірісуге болатын сияқты. Қазір бізде ауа температурасы 40 градустың үстінде.
Жұмыртқа табаға түсті, санаулы уақытта пісті. Темір тұлпар салонында термометр 50 градусқа дейін ыстықты көрсетіп тұр.
Ал маусым айының 18-і мен 20-сы аралығында күн бүгінгіден де қатты ысиды.
Күн ысыған сайын жедел жәрдем қызметінің жұмысы да қызып барады.
Құтқарушылар да қарап отырған жоқ. Жағажайды жағалап жүр. Күнге қыздырыну үшін емес, әрине. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кезекшілік ұйымдастырылуда.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Қызылорданың аптап ыстығында ойын баласын үйде ұстап отыру қиын. Бала түгіл ересектердің өзі "салқындаймын" деп жағажайларды жағалап кетіп жатады. Салдарынан қауіпсіздік ережелері қаперден шығып, арты қайғылы жағдайға ұласады. Сол себепті ыстық күні суға шомылмас бұрын көлеңкеге келіп, деміңізді басып, қан қысымыңыздың дұрыс жұмыс жасап тұрғанына көз жеткізгеніңіз абзал. Себебі, аптап ыстықта суға түсу аса қауіпті.//
Бір сөзбен айтқанда, сақтық шараларын ескеріп, денсаулықты бірінші орынға қойған жағдайда, бүгінгідей аптап ыстықты қауіпсіз әрі жайлы өткізуге болады.