#qyzylordatv
Ақхалатты абзал жандар – бүгінгі күннің қаһармандары. Біздің келесі кейіпкеріміз Гүлвира Сейтенбахова жан мен тән шипагері ғана емес, 10 мыңнан аса шақалақтың «кіндік шешесі». Ана мен бала орталығының дәрігері төл мерекесі қарсаңында акушер-гинекологтың қиын да қызық қызметі туралы аз-кем айтып берді.
НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ Бұл – ананың өмір мен өлім арасындағы ең жауапты сәттері өтетін бөлім – босану блогы. Осында күндіз түні тыным таппай, екі жанның амандығы үшін жанын салатын дәрігерлердің еңбегіні елеусіз қалдыруға болмайды. Себебі дәл осы жерде жаңа өмір басталады.
Шыр етіп дүниеге келген шақалақты анасынан бұрын ақхалатты абзал жандар көреді.
Ана мен баланың өміріне жауапты медицина мекемесінде бүгінде 33 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Олардың көмегімен жыл басынан бері үш мыңнан аса нәресте дүниеге келді. Оның 1 772-сі – ұл, мың жарымнан астамы қыз бала. Ал Гүлвира Сейтенбахова 10 мыңнан аса сәбидің кіндік шешесі атаныпты.
АИДА ШАКИМОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Көп-көп рақмет. Осы кісінің арқасында Аллаға шүкір, өзімнің де сәбиімнің де жағдайы жақсы.
Кейіпкеріміз Гүлвира Сейтенбахова қарапайым дәрігерден бөлім меңгерушісі, кейін басшылық лауазымға дейін көтерілген. Қызмет барысында ол жанкештілігімен танылған маман. Ол COVID-19 індеті өршіген жылдары әріптестерімен бірге 150-ге жуық әйелді аман-есен босандырып алған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНБАХОВА – ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Сол кезде әйелдердің жағдайлары қиын болды. Себебі жүктілік кезінде ауырған әйелдерде COVID-19 процессі тез болды. Олар босанғаннан кейін бірден апаратқа түсіп жатты. Себебі тыныс жетіспеушілігіне байланысты. Сосын амалдың болмауынан қай жерде жатыр сол жерде босандыруға тура келді. Сондай есте қаларлықтай жағдай болды.
Қазіргі таңда перинаталдық орталықта күрделі операциялар да жасалады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНБАХОВА – ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осыдан 5-6 жыл бұрын жатырды алып тастайтын операциялар болатын. Ал қазір жаңа технологиялардың көмегімен жатырды алып қалу операциялары көптеп жасалып жатыр. Ол операцияларда көп көлемде қан кетеді. Арнайы апарат арқылы әйелдің қанын өзіне қою арқылы қан жоғалтуды біршама тоқтатып отырмыз. Бұл да біздің жетістігім деп ойлаймын.
АЙГЕРІМ ЕНСЕПБАЕВА – АКУШЕР
Бірге әріптес болып жұмыс істейміз. Ол кісі өз жұмысына мығым, жауапты, әрбір әйелге мейіріммен қарайды. Сондай-ақ тапсырылған жұмысты жоғары деңгейде атқарады. Ол кісіден үйренген біраз тәжірибелеріміз бар.
Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Сондықтан Ана мен бала орталығының қызметкерлері төл мерекесінде де дамыл таппай, демографиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізіп келеді.