#qyzylordatv
Бүгін «Сырдың Сәбирасы – I» атты халықаралық театр фестивалінің шымылдығы түрілді. Театр өнерінің дамуына серпін беретін фестиваль Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Найзағай» спектаклімен ашылды.
Фестиваль аясында ең алдымен театр майталмандарының басын қосқан баспасөз жиыны өтті. Онда қойылымдардың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі сөз болды. Режиссерлік шешімдер мен актерлік ізденістер жан-жақты талқыланды.
АНАР ЕРКЕБАЙ – ҚАЗАҚСТАН ТЕАТР СЫНШЫЛАРЫ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бұл жерде біз әлемдік драматургтердің шығармаларын да көріп отырмыз. Шекспирден бастап, Ш.Айтматов сонымен қатар ұлттық режиссерлеріміздің шығармалары орындалады. Осы арқылы біз Қазақстандағы театрларды салыстырып, деңгейін байқай аламыз.
Фестивальге арнайы келген меймандардың бірі – Мұхтар Әуезов театры жанындағы музей жетекшісі Наргиз Асанжанова. Ол сахна саңлағы Сәбира Майқанованың өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді әкеліпті.
НАРГИЗ АСАНЖАНОВА – М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ МУЗЕЙІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
100-ден астам жәдігер келді. Тек суреттері емес, өзінің тері сіңген сахналық киімдерін де алып келіп отырмыз. Шоқан Уәлиханов спектакліндегі «Зейнеп» образы, 30 жыл бойы ойнап, сахнадан түспеген образы «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі образы және одан бөлек құжаттары, ол кісі туралы жазылған мақалаларды көрерменге ұсынып отырмыз.
Фестиваль шымылдығын түрген «Найзағай» қойылымы – сырбойылық театр ұжымының шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Спектакльде режиссер Дина Жұмабаева фрейдизм бағытын түркілік таныммен астастыра отырып, әйел тағдыры мен еркіндікке деген ұмтылысты сахна тілімен жеткізе білді. Пьесада үмітсіз нәзік жанның ішкі драмасы, әйелдің махаббат жолындағы күресі мен қоғамдағы орны кеңінен ашылған. Басты рөлдердің бірінде ойнаған Сұлтанбек Бисенәлиев «көзі қарақты сахна саңлақтары алдында қойылым қоюда ерекше толқыныс береді» дейді.
СҰЛТАНБЕК БИСЕНӘЛИЕВ –АКТЕР
Біздің алдымызда сахнаны дүрілдетіп өткен, дүлдүлдер алдымызда қарап отырған кезде, шынымен қобалжыдық та, қорықтық та. Бірақ қойылымды сәтімен, ойдағыдай алып шықтық.
Кіршіксіз әйел сезімі бейнеленген туындыны көрермен бір деммен тамашалап, қойылымнан өзінше бір ой түйді.
ДИМИТРИЙ ХВТИСИАШВИЛИ – НОДАР ДАМБАДЗЕ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІБИ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Өте қызықты қойылым болды. Режиссерлық, актерлық тұрғыдан да. Өкінішке қарай, басты рөлде ойнаған актерлардың атын білмеймін, бірақ өз рөлін өте жақсы алып шықты. Өте жауыпты жұмыс әрине фестиваль ұйымдастыру, алғашқылардың бірі болып қойлым ұсыну. Барлығын жақсы орындады.
ЗУХРА ИСЛАМБАЕВА – Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ, ТЕАТРТАНУШЫ
Бұл жерде махаббат үштігі. Режиссер Дина Жұмабаев махаббатты бірінші планға шығарған. Актерлар жақсы ізденген. Бұл қойылымдағы жаңылықтың бірі шығармадағы кейіпкерлердің есімі, киімдері қазақи етілген, яғни Сыр елінің болмысына жақындатылған.
Фестиваль аясында алдағы күндері бірнеше елдің театрлары қойылым көрсетеді. Сырдың сахнасы бір апта бойы өнердің биік мінберіне айналмақ.