#qyzylordatv

Халықаралық театрлар фестивалінде Сыр жұртшылығы Румын ұлты өкілдерінің де өнеріне куә болды. «Эльвира Годяну» атындағы драма театр ұжымы көрермендерге «Неке және ажырасу» спектаклін ұсынды.

 Мыңдаған шақырымды артқа тастап, Сыр еліне арнайы келген румындық өнер ұжымы қызылордалық көрерменге Эдуардо де Филиппоның туындысын тарту етті. «Итальяндық үйлену» пьесасының желісі негізінде дайындалған қойылымды неаполитандық стильде сахналады. Режиссер Антонелла Корничидің айтуынша, спектакль өмірдің шынайы сәттері мен адам жанындағы сезімдердің нәзік иірімдерін шебер жеткізуге бағытталған.

АНТОНЕЛЛА КОРНИЧИ – РЕЖИССЕР /РУМЫНИЯ/

// Қойылымды таңдау кезінде фестивальдің бағдарламасымен алдын ала таныстым. Бағдарламада «Гамлет» және басқа да драмалық шығармалар бар екен. Ал біз комедия жанрын таңдадық. Пьесаны біршама өзгерттік, өйткені қойылымда қолданылған барлық декорациялар жергілікті ұжымның сахналық құралдарынан алынды. Сондай-ақ олардың қойылымын тамашаладық, әсіресе жас актерлердің өнеріне ерекше тәнті болдым.

Спектакль барысында Доменико Сориано мен Филумена Мартурано арасындағы күрделі махаббат хикаясы баяндалады. Сүйгенінің өзге адамға үйленгелі жатқанын естіген Филумена өз қадірі мен отбасын сақтау үшін айла-шарғыға барады. Ал Доменикоға маңызды шешім қабылдау қажет болады. Қойылым махаббат, сенім, отбасылық құндылықтар және әлеуметтік әділетсіздік секілді өзекті тақырыптарды қозғайды.

 МАРИАНА ГИЦУЛЕСКУ – АКТРИСА /РУМЫНИЯ/

// Бұл рөлге бар күшті, энергияны және сезімдерді салу керек. Маған бұл қиын болған жоқ, өйткені итальяндықтар мен румындардың түпкі тілі – латын тілі, сондықтан біздің ұлттық мінездеріміз де ұқсас, деп айтуға болады. Біздің театрымыз бен қазақстандық театрлар арасында ешқандай айтарлықтай айырмашылық байқамадым, себебі бізде актерлік мектеп бір, яғни Станиславский жүйесі бойынша. Сіздерде керемет, тамаша актерлер бар.

Румыниялық өнер ұжымы қазақ сахнасына өзгеше көңіл-күй мен еуропалық театр дәстүрінің жарқын үлгісін алып келді. Қойылымды тәржімасыз-ақ түсініп, соңына дейін ыстық ықыласпен тамашалаған көрермен өнердің шекарасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.