#qyzylordatv
Бүгін Қызылорда қаласында «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясы жұмысын бастады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған орталықта тәулігіне 3 мыңға дейін оқушыны қабылдап, қосымша білім беруге мүмкіндік қарастырылған. Жаңа нысанның ашылуына оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы қатысты.
«Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті». Осылай деген президент жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде жүйелі жұмыс атқаруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Сыр өңірінде серпінді істер бар. Мәселен соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 32 пайызға артқан. Бұл облыс бюджетінің 43 пайызы. Атқарылған ауқымды істерді баяндаған аймақ басшысы академия бәсекеге қабілетті ұландарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынын жеткізді. Ғимаратты салған «BI Global» ЖШС-ің құрылысшыларына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Сыр жұртшылығын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Шахмұрат Кенжеалы авиамодельдеу үйірмесіне 4 жылдан бері қатысады. Қаладағы №12 мектептің 9 сынып оқитын білімпаз Қостанайда өтетін республикалық кезеңге жолдама алыпты. «Шығармашылық орталықтың жаңа жабдықтармен қамтылуы жоғары дейгейде»,- дейді ол.
Айта кетейік былтыр өңірде білім беру инфрақұрылымын дамытуда 13 ғимарат пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі іске қосылды. Бүгінде Шиелі ауданында 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүруде. Мұның барлығы жас буынның қосымша білімін жетілдіріп, дағдысын дамытуға мүмкіндік бермек.