#qyzylordatv
Облыс көлемінде «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Шара аясында полиция беймезгіл уақытта көше кезіп, ойын-сауық орындарында жүрген жасөспірімдерді анықтап, олардың ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырды.
Бір ай көлемінде полиция қызметкерлері көңіл көтеру орындарын аралап, түнгі сағат 23:00-ден кейін, яғни беймезгіл уақытта жүрген 1231 жасөспірімді анықтаған. Бала тәрбиесінде осалдық танытқан 117 ата-анаға хаттама толтырылса, кәмелетке толмаған балаларды ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін 23 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбі қараусыз қалған балалардың қатысуымен болатынын айтады. Сондықтан ата-аналарды бала тәрбиесінде салғырттық танытпауға шақырады.
РАУАН ӘЛДЕШОВ - ОПД ЖПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Барлығы 1231 әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, 27 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Қадағалаусыз және панасыз жүрген 28 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылып, өз міндеттерін орындамайтын 20 ата-ана есепке қойылды. 20 жасөсіпірім тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін, полиция органдарына жеткізілді. 700-ден астам жасөспіріммен кездесулер ұйымдастырылды, яғни, ЖОО мен мектептерде кездесу ұйымдастырылып, қылмыстың алдын алу бағытында лекциялар оқытылды».