#qyzylordatv

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау жалғасуда. Атап айтқанда, магистратура және докторантура бойынша 12 білім беру бағдарламасы аясында талапкерлерді қабылдайды. Бұл туралы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Ақзада Мадалиева мәлімдеді.

 Құжаттарды онлайн түрде «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы 25 маусымға дейін тапсыруға болады. Биыл оқуға қабылдау ережелерінде бірқатар өзгеріс бар. Енді талапкердің мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы міндетті. Сонымен қатар, магистратураға «Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа бағдарлама енгізілді.

АҚЗАДА МАДАЛИЕВА – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫС БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Магистратура бойынша білім бағдарламалары, Мемлекеттік басқару, Мемлекеттік саясат, Халықаралық қатынастар, Экономика, Өңірлік даму, Адами ресурстарды басқару, Цифрлық мемлекеттік басқару, Мемлекеттік басқару, Өңірлік даму. Докторантура бағдарламалары: Мемлекеттік басқару, Экономика, Халықаралық қатынастар. 9-ы магистратура, 3-і докторантура бағдарламалары. Биыл да магистратураға 120, докторантураға 12 грант бөлінді//

Тағы бір жаңалық, енді ақылы бөлімде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері де оқи алады. Әрбір білім беру бағдарламасына нақты салалық талаптар енгізілген.

 ГҮЛСАРА НҰРОВА – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫС БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ // Құжаттар тізіміне келсек, электронды форматта академияның сайтында мемлекеттік органның жолдамасы, мемлекеттік грантқа үміткерлер жолдаманы мемлекеттік органның басшысы немесе аппарат басшысының қолымен ұсынуы тиіс. Жеке куәліктің электрондық көшірмесі, жоғары білім туралы диплом мен қосымшасының скан нұсқасы, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1 деңгейінен төмен емес QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты, магистратура бағдарламаларына және докторантураға бір халықаралық сертификат. Мемлекеттік қызметшілер үшін – қызметтік тізім, докторантураға түсетіндер үшін – ғылыми-зерттеу жоспары Research proposal, ол жеке бағаланады. Осы құжаттардың барлығы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталатын болады//

 Айта кетейік, іріктеудің алғашқы кезеңі – аналитикалық эссе жазу 28 маусымда өтеді. Ал, докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын 1 шілдеге дейін жүктеуі керек. Қорытынды кезең – сұхбат – 8-20 шілде аралығында академия қабырғасында офлайн форматта болмақ. 25 шілде күні аралық қорытынды шығарылады.