#qyzylordatv

10 жыл – тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, адам тағдырында бір белес. «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы өзінің алғашқы он жылдығын атап өтті. Мерекелік шара – түлектер форумы ретінде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар туған ұясына қайта оралды.

 Балалар ауылының ауласы бүгін мерекелік көңіл-күйге толы. Ең алдымен ашық аспан астында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, өмірге құштар, арманы асқақ балалардың еңбегі көпшілік наразына ұсынылды. Ал қызыл кілеммен жүріп өткен түлектер – бұл ауылдың мақтаныштары. Бірі дәрігер, бірі ұстаз, енді бірі журналист атанған жастар туған ұясымен қайта қауышты. 2015 жылы алғаш 80 балаға есік ашқан бұл мекемеден он жыл ішінде 92 тәрбиеленуші түлеп ұшты. Бүгінде мейірім мекені 46 баланың тағдырына шырақ жағып отыр. Жан жылуын іздеген бүлдіршіндер үшін бұл жер туған үйіндей ыстық. Мемлекет тарапынан да балалар ауылының түлектеріне қолдау білдіріліп келеді.

АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

«Жетімнің басын сыйпағанға, жеті жұмақ есік ашады» деп гуманды жолмен бізді тәрбиеледі. Бұл шарада сол қазақтың мейірімі мен ізетінің жалғасы. Себебі біздің «Атамекен» ауылы балалардың білім, тәрбиесін ғана ұштап қойған жоқ, болашағына бағдар берді. 92 түлегіміздің 48-і мемлекеттік қолдаумен арнайы пәтерлерге де ие болды. 25 біздің бауырларырымыз отбасын құрды. Біздің өңірімізде пайдалануға беріліп жатқан пәтерлердің 20 пайызы осы санаттағы біздің бауырларымызға беріледі. Былтырдың өзінде 203 бала осы санаттағы пәтермен қамтылды.

Тілші: Мерекелік форумға республикалық мекемелердің өкілдері, ардагер ұстаздар мен қамқоршылық кеңесінің мүшелері де қатысты. Шара аясында үздік түлектер,мекеме қызметкерлері және қамқоршылар арнайы медальдар және Алғыс хаттармен марапатталды.

МАЙРА БЕЙСЕҚАНОВА – ШҚО «ҮМІТ» АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРГЕ МҰҚТАЖ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

 «Атамекен» мен Шығыс Қазақстан балалар үй, қазір орталық деп аталады. Армызда бірнеше жылдан бері достық көпірі бар. Атамекен 10 жылда бірнеше жетістікке жетті. Әрбір жетістік бір дегеннен келмейді. Мемлекеттің балаларына барлық жағдайды жасау керек. Өз балаңды қалай жақсы көрсең, бұл балаларды да солай жақсы көру керек.

 ЛИЗА ЫСКАКОВА – «АТАМЕКЕН » БАЛАЛАР АУЫЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Балаларға кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында екі түрлі үйірме ашып, бағдар береміз. Балалардың бейімділігіне сәйкес болшақта мамандық таңдауына жағдай жасаймыз. Түрлі жарыстарға, байқауларға қатысады. Соңғы төрт жылда балаларым өздерінің біліміменен мемлекеттік грантқа оқуға түсіп отыр.

Мұнда әрбір бала үшін «тәрбиеші» - жай ғана маман емес, ана орнына ана. Сол мейірім мен махаббаттың күшімен сан бала тұлға болып қалыптасты. Үздік түлек медалімен марапатталғандардың арасында - бүгінде облыстық телеарнада тілшілік қызмет атқаратын әріптесіміз Родион Лебедев те бар.

 РОДИОН ЛЕБЕДЕВ – «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР АУЫЛЫНЫҢ ТҮЛЕГІ

/ Менің есімім Родион осы «Атамекен» ауылының 2019 жылғы түлегімін. Атамекен балалар ауылына үлкен алғысымды айтамын. Апайларыма, өзімнің мамаларыма. Апай демейміз, мама, анашым дейміз. Өздерінің балалары болса да, 24/7 бізбен жүрді. Өте қиын нәрсе. Сол үшін оларға көп рақмет, Өмірде табыс тілеймін.

 Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі балалар ауылының тәрбиеленушілері ағайынды Ысқақовтардың Сыр өңірінің мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақовамен ән орындауы болды.

 КАМИЛА ЫСҚАҚОВА - «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР АУЫЛЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

Ән айтам дегенше ұзақ дайындалдық.Керемет болсындеп. Шынымен керемет болды. Жеңіс Ысқақовамен ән айтқан ұнады. Бұрынан арманымыз еді ағам екеуміздің. Арманымызға жеттік.

 «Атамекен» – тек мекеме атауы емес. Бұл – тағдыр тоғыстырған балалар үшін туған үйдің, шынайы қамқорлықтың, шексіз махаббаттың мекені. Мұнда әр бала болашағына сеніммен қарайды.