Сайлауға дайындық: ОСК төрағасы өңірдегі әзірлікті тексерді
#qyzylordatv
29 қарашада елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Маңызды саяси науқанға облыс бойынша 500 мыңнан астам сайлаушы қатыса алады. Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау учаскелерінің әзірлігін тексерді. Сондай-ақ сайлауды өткізу бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, дауыс беру процесін заң талаптарына сай ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Сайлау науқанының сапалы ұйымдастырылуы – ең алдымен жауапты комиссиялардың кәсіби дайындығы мен үйлесімді жұмысына байланысты. Осыны назарға алған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы «Сайлау үйінде» өңірлік кеңес өткізді. Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты. Кеңесте сайлау науқанын заңнамаға сәйкес өткізу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау және дауыс беру учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жауапты сала өкілдері мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов өңірдегі дайындық барысын баяндады. Айта кетейік, облыс бойынша алдағы мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге 9 аумақтық, 136 округтік және 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олардың құрамында жалпы 3 453 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Сондай-ақ 27 жабық учаске жұмыс істейді. Ал ерекше қолдауды қажет ететін азаматтар үшін 45 онлайн сурдоаудармашы қызмет атқарса, сайлау барысын бақылауға 20 қоғамдық ұйым акредитациядан өткен.
Дауыс беру күні әрбір сайлаушыға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуі, электр энергиясы мен байланыс желілерінің тұрақтылығы, ғимараттардың температуралық режимі және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері назардан тыс қалмауы керек. Нұрлан Әбдіров осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап, қаладағы бірқатар сайлау учаскесін аралады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру күні бірінші кезекте азаматтардың құқығы ескерілетінін назарға салды. Сонымен қатар соңғы өзгерістерге тоқталды.
Тағы бір дерек, азаматтардың өз сайлау учаскесін анықтауына арналған «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» электрондық платформасы іске қосылған. Бүгінгі күнге дейін saylau.orda.gov.kz платформасы арқылы 70 мыңнан астам азамат өз сайлау учаскесі туралы ақпарат алған.