Артық газ – ауыр зардап
#qyzylordatv
Жыл басынан бері облыс аумағында 430 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 10-ында газдың жылыстауы салдарынан баллон жарылған. Өкінішке қарай, оқыс оқиғалардан екі адам көз жұмды, оның бірі - бала. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен жанар-жағармай және газ құю бекеттерінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Мына тұрмыстық газ балондар тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережесін елемеуінен жарылған. Жалпы, облысымызда жыл басынан бері мұндай оқыс оқиғалардың 10 дерегі тіркелді. Соның салдарынан екі адам ажал құшты.
Тағы 21 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Мамандардың талдауынша, қолданыстағы газ баллондарының басым бөлігі ескірген, шүмектері мен бұрандаларының тозығы жеткен. Тұтынушылар баллондарды уақытылы жаңартып, техникалық тексерістен өткізбейді.
НҰРДӘУЛЕТ НАРЫМБЕТ – КӘСІПКЕР
Мынау бір рет қолданылатын алюминий балондармен ауыстырмауға шақырамын. Себебі ол көп жағдайда өзін дұрыс көрсетпей жатыр. Бір рет қана пайдаланып жатырмыз, ішінен сынып кетіп жатыр.
Бұдан бөлек, сұйытылған газды арнайы мамандандырылған бекеттерде емес, кез келген жерде толтыру газдың жылыстауына әкеп соғады. Қауіпсіздік талабына сәйкес, 27 литрлік баллонға – 10 келі, ал 50 литрлік баллонға 20 келі ғана газ құйылуы тиіс. Алайда кейбір бекеттер бұл норманы сақтамай, межеден асырып құяды.
Осы тұста «газды қайдан толтыру керек?» деген заңды сауал туындайды. Жалпы, облыс бойынша 6 газ толтыру пункті бар. Бірақ соның екеуінде ғана тұрмыстық баллондарға сұйытылған газ құюға ресми рұқсат берілген. Сондай-ақ арнайы тапсырыспен мекенжайға барып, баллон ауыстыру қызметі де қарастырылған. Ал автогаз құю бекеттерінде тұрмыстық баллонды толтыруға қатаң тыйым салынған. Соған қарамастан, қауіпке бас тігетіндер азаймай тұр.
МАДИНА ӘЙТЕНОВА – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Жыл басынан бері 16 субъектіге жоспарлы тексеру жүргізілді. Оның ішінде 26 жедел ден қою шарасы қолданылды. 16 субъектіге 1 млн 557 мың теңге айыппұл салынды. Жоспардан тыс тексеру де өтті. Себебі тұрғындардан «Тұрмыстық балонға газ құйылды» деген арыз-өтініш түскен болатын. Ол бойынша да тиісті шара қабылдап, қызметін 90 күнге тоқтаттық.
Қауіп айтып келмейді, алайда абайсыздық апатқа бастайды. Тозығы жеткен баллон мен мөлшерден тыс құйылған газдың зардабы ауыр. Сондықтан қауіпсіздік - тек газ құю бекеттері мен төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, ең алдымен әр азаматтың өз жауапкершілігі екенін естен шығармаған абзал.