#qyzylordatv
Аймақ басшысы 2015 жылдан бері облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы лауазымын атқарып келген Әуезбек Дүйсенбаевты зейнет жасына жетуіне байланысты еңбек демалысына шығарып салды.
Әуезбек Сейткамалұлы еңбек жолын Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде қатардағы маман ретінде бастаған. Мұнан соң салық саласына ойысып, 40 жыл бойы қалтқысыз қызмет етті. Әр жылдары Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Оңтүстік аймақ бойынша аймақаралық салық комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің басқарма басшысы, департамент басшысының орынбасары секілді жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған. Жиында аймақ басшысы Әуезбек Сейткамалұлының кәсіби білігін айрықша бағалап, бюджеттің атқарылуы мен кассалық қызмет көрсету тәртібін бір ізге түсіргенін тілге тиек етті.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Қай кезде де уақытпен санаспай, мереке, демалыс күндеріне қарамастан, ұжымымен бірге қызмет етіп, бюджет қаржысының уақытылы игерілуіне өз үлесін қосты. Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы еңбегіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бейнеттің зейнетін көре беріңіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз/
ӘУЕЗБЕК ДҮЙСЕНБАЕВ – САЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ /Мен туған жерге өзіңіз басшылық жасаған кезде өз үлесімді қосқаныма мақтан тұтамын. Қиыншылық болса да бюджет қаржысын игеруде қаншама жақсы тіршіліктер атқарылып жатыр. Оның барлығы халықтың назарында. Сондықтан мен сізге, сіз басқарған мамандарға рақмет айтқым келеді/