#qyzylordatv

Сейілбек Шаухаманов атындағы білім-инновация лицейінде аналар арасында волейболдан турнир өтті. Республикалық жарысқа еліміздің бірнеше өңірінен 10 команда келіп, 150-ге жуық ана қатысты.

 Мамандығы өзге болса да, волейболға қызығушылығы зор аналар, тоспа доп турнирінде бақ сынады. Жарыстың мақсаты – ата-аналар арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау. Сайыста Тараз, Шымкент, Түркістаннан келген қатысушылар барын салып, ойын көрігін қыздырды.

 АРАЙЛЫМ ӘБДІҚАДЫР - ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ «Шымкент қаласы Сейітжан мектебінен келдік. Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болады», - демекші осы балаларымыздың мектебінде белсенділік танытқанымыз оларға үлгі бола білгеніміз деп ойлаймын. Бұл жарысқа жарыс деп емес, достық турнирі деп келдік».

ГҮЛЧАХРА ҚАРАТАЕВА - ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ «Волейбол деген командалық ойын. Осы командалық ойын арқылы біз балаларға дәріптей аламыз, қоғамға қаншалықты кірісе алатындарын. Қызылорда қаласына бірінші рет келіп тұрмын. Өте қуаныштымын, осы ойынға қатысып жатқаныма».

Аналарды бұқаралық спортқа баулуға бағытталған бастама білім-инновация лицейлерінің арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Ал Сыр өңірінде алғаш рет өтіп отыр.

АЙГЕРІМ АЛТАЕВА - ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ «Бұл тек қана аналар арасында емес, бүкіл осы білім-инновация лицейлері арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара. Үштік одақ дейді ғой. Мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы байланысты нығайту үшін де ұйымдастырылып отыр. осындай шаралардың ақрасында мектеппен етене байланысып, ата-аналар да, мұғалімдер де бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнатуда».

 Жарыс қорытындысы бойынша ер балаларға арналған Қызылорда білім-инновация лицейінің аналары бірінші орын алды. Ал қыз балаларға арналған Қызылорда білім-инновация лицейінің аналары екінші орынды қанжығаласа, Тараздағы ер балаларға арналған білім-инновация лицейі мен Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің аналары үшінші орынды қанағат тұтты.