#qyzylordatv
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері гастрольдік сапармен Сыр еліне келді. Театр труппасы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көрермен назарына ұсынды.
Айман мен Шолпан – Маман байдың қыздары. Айман – ақылды, байсалды, байыпты қыз болса, Шолпан керісінше – қырсық, тентек, өткір тілді қыз болады. Әкесі екеуін ұзатпақ болғанда айналадағы еркек біткен қос бойжеткенге қызығып, сүйіспеншілік «майданына» түседі. Олардың қатарында байдың баласы Әлібек пен батыр Арыстан да бар. Екеуі апалы-сіңілі Айман мен Шолпанды ажырата алмай жүргенде ортаға Көтібар түсіп, Маман байдың қыздарын өз еліне ұрлап алып кетеді.
Осылайша, ру арасында алауыздық туып, аяғы талас-тартысқа ұласады. Алайда, Маман бай ақылға келіп, Айманды Әлібекке, Шолпанды Арыстанға ұзатып, ақ батасын береді. Осылайша, екі рудың арасында бірлік орнап, тату-тәтті ғұмыр кешеді.
Қойылымды тамашалаған Қазақстанның халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов өнер ұжымының туындысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Ал, айтыс пен хордың, би мен әннің бір – бірімен үйлесімділігі туындыға өзіндік ерекшелік берді. Халықтың сол дәуірдегі жай – күйі, ұлттық ойындар мен салт – дәстүрлер комидеялық көріністің мазмұнын тереңдете түсті.