#qyzylordatv

Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жайы қаралған болатын. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Биылғы оқу жылы еліміз бойынша 23 мамырда аяқталады. Дәл осы күні соңғы қоңырау соғылып, 11-сынып оқушылары алтын ұя мектебімен қоштасады. Нұрлыбек Нәлібаев облыстық білім басқармасының басшысына бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара мен аттестат табыстау рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Дегенмен, балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Барлық білім беру ұйымдарының аумағында тұрақты түрде кезекшіліктер ұйымдастырылады. Оқушылардың ақша жинауына, кортежге шығуына, мейрамханаларда отырыс жасауына рұқсат берілмейді.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Үлкен іс-шара өткізгісі келетін жастар бар. Оған жол бермеуіміз керек. Көліктерді жалдап, қалай болса солай жүруге болмайды. Қаражат жинап, дастархан жасап. Бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Облыстық полиция департаменті жұмыс істеңіздер, қатаң шара көріңіздер....\

 Облыс бойынша биыл 9531 оқушы мектеп бітірсе, оның 8528-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Білім сынағы 16 мамыр мен 4 шілде аралығында өтеді. Аймақ басшысы тест тапсыратын күні орталық маңына шатыр тігіп, талапкерлердің туыстары мен ата-аналары үшін де жайлы жағдай жасау керектігін айтты. Мәжілісте балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мәселесі де қаралды.