#qyzylordatv

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 22 сессиясында депутаттар көтерген бірнеше мәселеге қаржы қаралды. Солардың бірі Жалаңтөс Баһадүр атындағы мектеп-интернат колледжінде оқитын 25 студенттің мемлекеттік тапсырыс негізінде оқу жайы болса, тағы бірі Жаңақорған ауданы Екпінді ауылындағы клуб үйін қосымша қаржыландыру.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында талқыланған күн тәртібіндегі мәселелерді депутаттар бірден дауысқа салды. Ең өзектісі, «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Фарида Аббасова депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға тоқталды. Қолдау тапқан мәселелерді жеткізді. Сессияда күн тәртібіндегі 7 мәселеге қатысты депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды.