#qyzylordatv

Қызылордада мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілетін «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» республикалық конкурсының бірінші кезеңі өтті. Байқау – қызметкерлердің мәртебесін көтеру мен халыққа бағытталған сервисті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.

 Аталған конкурсқа өңірдегі мемлекеттік мекемелерден барлығы 28 өтінім келіп түскен. Қатысушылардың ұсынған материалдары 16-20 мамыр аралығында сарапталып, нәтижесінде 25 үміткер келесі кезеңге жолдама алды. Байқау екі аталым бойынша ұйымдастырылды. «Клиентке бағдарланған қызмет көрсетуші» номинациясында қатысушылар өз жұмыстарын бейнемазмұн немесе презентация түрінде ұсынып, халықпен жұмыс істеудегі тәжірибесін таныстырды. Ал «Сервистік қызмет көрсетуші» номинациясы бойынша мекемелердің қызмет көрсету сапасы, ақпараттың қолжетімділігі және қызмет алушыларға жасалған жағдайлар бағаланды.

ЕРЛЕГЕН МЕНДАЛИЕВ – ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Ағымдағы жылдың сәуір айының жиырма тоғызында агенттіктің және аумақтық департаменттерінде хабарландыру жарияланған болатын. «Үздік қызмет көрсетуші» конкурсы әр жыл сайын өткізіліп отырады. Бүгін енді үздіктер анықталып, халықтық дауыс беру сатысына жолданатын болады. Кейін осы екі іріктеудің қорытындысымен үздіктер алдағы уақытта республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысуға ұсынылады.