#qyzylordatv
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық турнирінде қазақстандық боксшылар алғашқы жекпе-жектерін өткізді. Байрақты бәсекеге елімізден 20 боксшы аттанса, соның ішінде жетеуі жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді.Оның ішінде қызылордалық спортшы да бар. 55 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Нұрсұлтан Алтынбек сәтті өнер көрсетті.
Жарыстың екінші күнінде ол индонезиялық Йошуа Холи Масинорды еш қиындықсыз жеңді. Жалпы бұл жарысқа Қытай, Жапония, Өзбекстан, Тайланд, Қазақстан және басқа да елдерден кілең мықты боксшылар қатысып жатыр. Алғашқы жарыс күндерінің қорытындысы бойынша бес қазақстандық жеңіске жетті. 70 келідегі Төрехан Сабырхан кореялық қарсыласын 3:2 есебімен ұтса, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов қырғыз боксшысынан 4:1 есебімен басым түсті. Дәл осылай 50 келідегі Нұрзат Оңғаров пен 55 келідегі Нұрсұлтан Алтынбек те жарысты сәтті бастады. Ал, 65 келідегі Дулат Бекбауов бірден екінші айналымға өтті. Яғни, бірінші айналымда Иорданиялық қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты. Әйелдер арасында ұлттық құрама сапындағы Виктория Графеева мен Гүлназ Бөрібаева алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Ал, Сымбат Әлиасқар мен Шахназ Исаева есе жіберіп, жарысты аяқтады. Тайландтағы бокс бәсекесі 1 маусымға дейін жалғасады.