#qyzylordatv

Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың ғимараты талапқа сай емес. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыратын орында кемшілік көп. Алайда қалалық қоғамдық кеңес мүшелерін әскери комиссариаттың бұл жұмыстарды қалпына келтірудегі құлықсыздығы қынжылтып отыр.

Көктемгі әскерге шақыру науқанында қаладан 790 баланы әскерге жөнелту жоспарланса, шақырылуға жататын 6500-дай бала тіркеуде. Оған толық мүмкіндік бар деді мамандар. Тәртіп қай кезде де қорғаныс саласынан басталатыны белгілі. «Бірақ бұл қағиданың қалалық басқармаға қатысы жоқ»,- дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Мәселені талқыламас бұрын қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма ғимаратына рейд жасап, шақыру пунктін аралаған көпшілік көріксіз көріністен бұрын ынталы басшыны байқамағанын айтады.

Мұнан соң қоғамдық кеңес мүшелері былтырғы қала бюджетінің атқарылу барысын тыңдап, биылға бекітілген бюджетке енген өзгерістермен танысты.

 Атауы жоқ көшелер мен қайта атауға жататын көшелерге атау беру әр талқылауда талас тудырады. Мәселен «Тарихи тұлғалар» тізіміне енген азаматтардың атына көше беру бағытында ұсыныс қолдау тапты. Олардың қатарында Алтынбек Сейдахметов, Қайым Мұхамедханов, Сейілбек Шаухаманов, Серікбол Қондыбай, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожанов сынды тұлғалар бар.

 Ал Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің есімін көшелерге беру туралы бір реттік тапсырма жоғары атқарушы органмен келісілген. Нәтижесінде, республикалық ономастика комиссиясы 48 ардагердің есімін қолдап, бекіту туралы оң қорытынды беріпті. Оның 31-і Қызылорда қаласына тиесілі. Олардың барлығына «Бәйтерек» шағын ауданынан көше беру туралы ұсыныс қолдау тапты.

 Отырыста қалалық қоғамдық кеңестің жаңа ережесі бекітіліп, мүшелікті растайтын куәлік табысталды.