#qyzylordatv
6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Тұрғындар құрбан шалу рәсімін онлайн түрде де орындай алады. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекованың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Онлайн түрде құрбан шалам деушілер qurban.muftyat.kz сайты арқылы құрбандық малын таңдап, төлем жасайды. Қой мен ешкіні жеке адам, ірі қара мен түйе малын бір немесе жеті адам бірігіп шалса болады. Тапсырыс сәтті өтсе, телефонға хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң, нөмеріңізге оның фото және видео есебі жіберіледі. Ал офлайн форматта құрбан шалу рәсімі биыл Халал даму тексерістен өткен «КЗО ет» қасапханасында жүзеге асырылатын болады. Аудан орталықтарында да арнайы мал сою орындары дайындалуда.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, теолог мамандар мен сала қызметкерлері қатысты. Басқосуда Құрбан айт мерекесіне дайындық барысы, қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау мәселелері пысықталды.
ДАСТАН ҚҰРМАНБАЕВ - ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫ
Биылғы нарық бағасын салыстыра келе мал бағасына тоқталар болсақ, аймағымызда қой – 100 000 тг, ірі қара – 400 000 тг, түйе - 900 000 тг құрап отыр. Өткен жылы Сыр мешіттері «Раббың үшін құрбан шал» жобасы аясында 121 тонна 319 келі құрбан етін 10 058 отбасы мен қарттар үйі, аурухана, балалар үйі секілді 6 мекемеге жеткізіп берді, бұйырса биыл да осы бағыттағы қайырымдылық іс- шаралар ұйымдастырылмақ. Өңір мешіттері Құрбан айт күндері «Раббың үшін құрбан шал», «Балаларға базарлық», «Жақыныңа жәрдем бер» сынды қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Сонымен қатар айт намазын оқуға жиылған жамағат арасында ұлттық ойындар сайысын өткізу жоспарлануда.