#qyzylordatv
Сұрапыл соғыста қаза тапқан қармақшылық Аштанбай Сағындықовтың Ресейдегі бауырластар зиратынан алынған бір уыс топырағы туған жеріне жеткізілді. Бұл – облыс әкімінің тікелей бақылауымен және жауапты сала мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты.
НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ Кейде бір уыс топырақтың салмағы – ғасырлық сағыныштан да ауыр болуы мүмкін. Бұл – сұрапыл соғыста із-түзсіз кеткен жауынгер Аштанбай Сағындықовтың туған жерге 80 жылдан кейін жеткен ізі. Жай топырақ емес – әкені аңсаған жүректің, үзілмеген үміттің бір үзігі.
Сыр елінің перзенті, майдангер Аштанбай Сағындықов 1909 жылы Қармақшы ауданындағы бұрынғы Ильич совхозында дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комиссариат арқылы майданға аттанған. Сол жылдың аяғына дейін ауылға хат жолдап тұрғанымен, кейіннен хабар-ошар мүлде үзілген. 1943 жылы «қатардағы жауынгер Сағындықов ерлікпен қаза тапты» деген №1122 қара қағаз келген. Бірақ нақты қай жерде, қалай қаза тапқаны беймәлім күйде қалған. Сол уақыттан бері әкесін сарыла күткен Төлеген Аштанбайқызы үміт отын еш сөндірмеді.
МАРАТ ҚҰРМАНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
//Апамыз өтінішмен келген болатын, облыс әкімінің қадағалауымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті және облыстық жұмылдыру дайындағы аумақтық істер және азаматтық істер басқармасы ат салыстық. Кейін белгілі болғаны Ленинград облысында соғыста қаза болып, «Бауырластар» зиратына жерленген. Ол жерден басқа қалаға кейін «Бауырластар» зираты көшірілген. Сондай архивтік деректер таптық.
МАНАТ ОРЫНБЕКОВА – ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ Қазақстанның Санк-Петербургтегі бас консулдығына тиісті хаттар жолданып, хаттың негізінде Сағындықов Аштанбай атамыздың аты ескерткіш тақтаға аты жазылып, қайта жаңғыртылды. «Ер есімі – ел есінде» демекші бір жасында ғана әкесінен айрылып, сондада соғыста ерлікпен қаза болған әкесін іздеген Аштанбайқызы Төлеген апамыздың еңбегі екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Аштанбай Сағындықовтың қызы – Төлеген апа осы сәтті көру үшін ғұмыр бойы үміт пен сенімді серік етіп келгенін айтады.
ТӨЛЕГЕН АШТАНБАЕВА – А.САҒЫНДЫҚОВТЫҢ ҚЫЗЫ
Үлкен арманым орындалы. Міне әкемнің мүрдесі келді, атамекенге жерленді. Басына көктас қойылды, бейіті салынды. Одан басқа қанда арман керек. Осыны өмір бойы армандап келдім ғой, соның ішінде бір жыл болды менің тиыштығымның бұзылғанына. Сол арманымның орындалғаны күні. Рақмет, ел-халыққа, басшыларға, осыған атсалысқан адамдарға.
Бұл – бір отбасының ғана емес, күллі ұлттың жүрегіндегі сағынышты серпілткен сәт. Қан майданда қаза тапқан батырдың есімі енді туған топырағында, халқының жүрегінде – мәңгілікке жазылды.