#qyzylordatv

Расымен, Байқоңыр мемлекет басшысы айтқандай, адамзат өркениетін жаңа кезеңге жетелеген тарихи шаһар. 1961 жылы ең алғаш Юрий Гагарин зеңгір көкке көтеріліп, ғылыми төңкеріс жасағаны мәлім. Міне, содан бері әуеге талай зымыран ұшырылып, аспан әлемінің көптеген кереметтері ашылды. Ғарыш айлағының өткені мен бүгіні турасында әріптесім Елжас Әбділданың бейнематериалында.

Жердің жасанды серігі Байқоңырдан 1957 жылы аспан кеңістігіне шығарылды. Содан бастап түрлі тәжірибелерге жол ашылған. Әрине, әуелгі сынақтар сәтті бола қойған жоқ. Тек 4 жыл өткеннен кейін ғана тұңғыш адам жер орбитасынан зеңгір көкке сапар шекті. Ғарышкер Юрий Гагарин космоста 1 сағат 48 минут болды. Сол тұста бұл ғылыми жаңалық теңдесіз жетістікке баланып, ғалымдар аспан әлемінің кереметіне қаныға түсті.

 Бүгінге дейін Байқоңырдан 80-ге жуық ұзақ мерзімді экспедиция халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Олар межелі жоспар бойынша түрлі бағытта зерттеулер жүргізіп келеді. Ең қызығы, ресейлік ғарышкер Валерий Поляков орбитада 437 күн, 17 сағат, 58 минут уақыт өткізген. Содан бері 30 жыл өтсе де бұл рекордтың мұрты әлі бұзыла қойған жоқ. Бастысы, Байқоңыр – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін баламасы жоқ әлемдегі бірден-бір кешен. Сондықтан, шағын шаһардың туристік әлеуеті өте зор. Қазір осы бағытқа ерекше мән беріліп отыр.

 Бүгінде әрбір ұшырылым сәтін тамашалауға Байқоңырға 2 мыңнан астам турист келеді. Бұл жұлдызды қалашықтың гүлденуіне айтарлықтай сеп. Ғарыш айлағының 70 жылдығына орай алыс-жақыннан арнайы ат басын бұрғандар да аз болмады. Бүгін Байқоңырда мереке нышаны айрықша сезіліп тұр. Атаулы күнге орай ашық аспан астында ғарыш мұражай бой көтеріп, көпшіліктің көңілін серпілтті. Мұнда кезінде қолданылған зымырандар, ғарыштық техника үлгілері мен жер үсті басқару кешендерінің бөлшектері қойылған.

 Мерейтой аясында майдангерлер мен интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым жасалып ескерткіш тақтаға гүл шоғы қойылды. Сондай-ақ, арнайы ұйымдастырылған салтанатты кеш барысында жұлдызды қалашықтың дамуы мен ғарыш саласының өрістеуіне сүбелі үлес қосқан мамандар марапат төрінен көрінді.