#qyzylordatv

Облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшті. Замануи үлгідегі нысан жәдігерлерді ерекше форматта ұсынатын сандық-мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Бұл Қызылорда қаласының еліміздің Астанасы болғанына 100 жыл және облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болып отыр.

 Заманауи үлгіде салынған ғимаратта 250 мыңнан астам экспонатты сақтауға мүмкіндік бар. Яғни қазіргі облыстық музей қорынан үш жарым есе үлкен. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Сыр еліндегі байыпты бастамаларға оң бағасын берді. Ал, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа музей ұлт руханиятына қызмет етіп, мәдени мұралардың ордасына айналуына тілектестігін білдірді.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Қадірлі, ағайын! Мәдени мұра – бұл біздің құнды әрі рухани қазынамыз. Ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызбен бірге тарихи жәдігерлерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету біздің қасиетті парызымыз. Жаңадан орта ғасырлар өркениеті, ғарышты игеру залдары сақталды. Елімізде қолға алына бастаған музей педагогикасын дамытудағы маңызы зор балалар музейі бөлмесі де қамтылды. Ғасырлар таңбасы – рухани құндылықтар мекені. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты баршамызға құтты болсын. Егемен еліміздің өткені мен келешегін байланыстыратын тарих айнасына айналсын.//

 Мұражай экспозициялары 11 залда орналасқан. Онда аймақ пен ел тарихының даму кезеңдерінен бастап палеонтология, археология залдары, Қазақ хандығы дәуірі, этнография, Қызылорда өңірінің тарихы, Алашорда мұрасы мен соғыс жылдары, мәдениет пен өнер, әлеуметтік-экономикалық даму, ғарыш тақырыбы және Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу жылдары түгел қамтылған. Экспозицияны жан-жақты сезіну үшін музейде жасанды интеллект жүйесі, панорамалық және диорамалық инсталляциялар, интерактивті LED экрандар жұмыс істейді.

 САПАР КӨЗЕЙБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ //Ең кереметі бұнда полеонтология залы бар. Жалпы Сыр өңірінің тарихында полеонтолгия залы болмаған еді. Міне, ашылды. Одан кейін ареология кеңінен көрсетіп, музей қорында тұрған керемет құнды жәдігерлеріміздің барлығы осы музей экспозициясына қойылды. Одан кейін әрі қарай орта ғасыр өркениеті, Ұлы Жібек жолының бойында Сыр өңірінің орналасуына қарай «Ортағасырлық өркениет» залы ашылды.//

 НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ //Мемлекеттің, кез келген ұлттың дамуы үшін оның өткені мен бүгіні және ертеңінде өзара сабақтастық болуы керек. Соның бірі – тарихи ескерткіштерді сақтай білу, оның қорын жасақтай білу және оны қоғам мүшелерінің көруіне ұсына білу. Көзбен көру, қолмен ұстау арқылы адамдар өткеніне көз жүгірте алады және сезіне алады. Бұл музей сондай мүмкіндіктерге ие ғимарат...//

Еске сала кетейік, өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық ауданда Руханият орталықтары салынып, ел игілігіне табысталды. Бұл нысандарда ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып келеді.