Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және Арал теңізін сақтап қалу мәселелерін талқылады. Кездесуде Саранго Раднарагча Қызылорда облысымен тығыз әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Аймақ басшысы өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасына жалпы құны 25 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар тізімін ұсынғанын жеткізді. Бұл жобалар экология, су және табиғи ресурстарды басқару салаларын қамтиды.
Еске салсақ, біздің облыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Әсіресе, әлеуметтік жобалар аясында жастардың білімін арттыру, тәжірибе жинақтау мүмкіндіктерін кеңейту бағытында оқыту курстары, тренингтер мен шеберлік сабақтары тұрақты өткізіліп келеді.