#qyzylordatv

Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл бағдарлама аясында ауданға 55,8 млн теңге бөлініп, оған 9 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіп иелері туралы келесі бейнематериалда.

Қалжан Ахун ауылындағы мына жылыжай толықтай автоматтандырылған. Ауыл тұрғыны Серік Әбжалиев «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, аумағы 200 шаршы метр болатын осы жылыжайды салған. Мұнда қазір 600 түп қияр күтіп бапталуда. Мамандар күн сайын қатарларды аралап, өнімнің өсіп-жетілуін бақылап отырады.

СЕРІК ӘБЖАЛИЕВ – КӘСІПКЕР // Жылыжаймен айналысып жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Жолдасым екеуміз осындай өсімдіктерді өсіруге жақынбыз. Ең бірінші үйжақта егп көрдік қиярды. Содан біз екі реттен өнім алып жүрдік. Уақыт өте келе осы шаруаны кәсіп көзіне айналдырғымыз келіп, үлкейтейік дедік. Сосын біз «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен 8,6 млн алдық. Осылайша бастап кеттік. Содыр деген түрі. Март айынан бастап ектік, 45 күннен кейін өнімін ала бастадық. Қазір күніне 50-60 келідей шығып тұр ғой.//

Ал, Өмірхан Бержанов мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылысқа қажетті құмблок басып шығаратын арнайы станок сатып алып, шағын цех ашыпты. Шетелдік қондырғы тәулігіне мың данасын басып шығарады. Мұнан бөлек, тас төсеніштер де осындай дайындалады.

 ӨМІРХАН БЕРЖАНОВ – КӘСІПКЕР //Ауыл аманаты жобасы арқылы 7 млн 300 мың несие алдым. Осы кәсіпті бастау үшін. Жобаның арқасында қазір кәсібіміз алға басып келе жатыр. Шығарылған өнімімізді ауыл және аудан тұрғындары, онан бөлек басқа да ауданнан келіп алып кетіп жатыр. Қазір 3 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта үлкейтсем ба деймін.//

 Сырдариялық Нұрсұлу Ажарова да кәсібін жақында бастаған жандардың бірі. Қолөнер шебері жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен 4 млн 600 мың теңге несие алып, тігін машинасын сатып алыпты. Қазір қыз жасауынан бастап, көрпе көктеп, жұмсақ ойыншықтар тігумен айналысады. Ісмердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс жоғары.

НҰРСҰЛУ АЖАРОВА – КӘСІПКЕР //Кәсіпті алғаш ауылдағы үйімде бастаған болатынмын. Содан сұраныс жиелегендіктен кәсіп бастауды жөн санап, ауданға келдім. Қазір цехта 4 адам болып жұмыс жасаймыз. Қазір мата мен жіптерді Алматыдан алдыртып жатырмыз. Жаңа станоктардың арқасында жұмыстар тез жасалып, кезек күттірілмей дүниелер дайын болып жатыр. Сұраныста жақсы.

 Еліміз бойынша ауылдық жердегі халықтың үлесі 40 пайызды құрайды. Сондықтан ауылды түлету, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қашан өзекті. Бұл ретте «Ауыл аманатының» берері мол.