#qyzylordatv

Жыл соңына дейін Қармақшы ауданында үш елді мекен көгілдір отынның игілігін көреді. Сондай-ақ халықтың көкейіндегі темір жол өткеліне қатысты мәселе де шешімін таппақ. Бұл туралы журналистермен жүздескен аудан әкімі кеңінен баяндап берді.

Жосалы кентінен Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы аймақтағы ауқымды жұмыстың бірі. Құны 7 миллиард теңгеден асатын жоба арқылы 86 шақырым газ құбыры тартылып, қос аралықтағы Иіркөл және Төребай би елді мекендерінің тұрғындары табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алады.

ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

// Жалпы құны 7 млрд. 172 млн. теңгені құрайтын Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы жүргізілуде. Жобаға 2024 жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. 2025 жылғы шілде айында Ұлттық Қордан 5,2 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күнге мердігермен қосымша келісім-шарт жасауда. //

 Бюджетті тиімді жоспарлау, қосымша қаржы көздерін тарту аудан әкімінің басты талабы. Осының нәтижесіне ауданның өз кірісі 411,8 млн теңгеге ұлғайып, бюджет көлемі едәуір артқан.

Жосалы кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір мәселесі аудан әкімінің назарында. Қазір бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып, қаржы сұратылған.

 Биыл ауданда 25 мың гектардан астам жерге егіс егілсе, оның 13 мың гектары күріш. Бүгінде шаруашылықтар суды кезектілікпен пайдалану кестесіне көшкен. Ескі су арналарын тазалау, қайта қазу жұмыстары қарқынды. Жыл басынан бері мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары арқылы 33 жобаға 772,3 млн. теңге несие берілген. Әлеуметтік осал топ пен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 50 пәтерлі 25 тұрғын үй сатып алу үшін облыстық бюджеттен 750 млн теңге қаржы қаралыпты. Мұндай іс «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Байқоңыр қаласында да бастау алып отыр. 50 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жоба құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Аудан әкімі әрбір істі ілгерілету біріккен еңбектің жемісі дейді.