#qyzylordatv
Арал ауданында «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейроинсульт және 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржайдың құрылысы жүріп жатыр. Ал, «Келешек мектептері» жобасы аясында Сексеуіл кентінде салынып жатқан 300 орындық білім ошағы жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Арал ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның бірі мына біз тұрған Сексеуіл кентіндегі 300 орындық білім ошағы. Мамандар қазір ғимараттың сыртқы монтаждау жұмыстарын жұмыстарын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Мердігер мекеме білім ошағының құрылысын тамыз айының аяғына дейін аяқтап, жаңа оқу жылында ел игілігіне табыстамақ.//
Мұнан бөлек, Мергенсай ауылдық округінде құны 2 млрд 333 млн теңге болатын 150 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал, демеушілер есебінен салынған Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің жанындағы қосымша екі оқу корпусының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Арал қаласындағы төрт мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
САНИРА ЖАННАЗАРОВА – АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ // Мергенсай елді мекенінде жаңа мектептің салынуы біздің ұстаздар қауымына жасалып отқан үлкен құрметтің, үлкен мейірімділіктің көрінісі деп білеміз. Өйткені, аталмыш елді мекен аудан орталығынан шалғай орналасқан. Қазір мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ғасырдан астам тарихы бар №14 мектептің бастауыш сынып ғимараты 1910 жылы салынған. Осыған мемлекет тарапынан 441 млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тамыз айынан дейін өз жұмыстарын аяқтайды. Сондай-ақ, 177, 62, 263 141 млн теңге ақша бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.//
Көп ұзамай Арал қаласында 250 келушіге арналған емхананың құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру бойынша тиісті салалық министрлікке ұсыным жолданған. Сондай-ақ, аудан орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі жаңа ғимаратпен қамтылмақ. Ал, «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт пен 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржайдың құрылысы жүруде. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін МРТ мен ангиограф қондырғылары орнатылмақ.
ГҮЛМИРА КЕМАЛОВА – АУДАНДЫҚ АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Біз осыған дейін көп науқасымыздың диагнозын анықтау мақсатында облыс орталығына тасымалдаймыз. Енді арнайы жаңа қондырғылар келгеннен кейін ол жаққа апармай, өзімізден диагнозын нақтылап, өзіміз емдеуге мүмкіндік аламыз. Құрылысы осы жылдың аяғында аяқталу қажет.//
Арал қаласындағы қайта жаңғыртудан өткен «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы жуырда өз жұмысын қайта бастайды. Мұнда қазір тірек-қимыл бұзылысын қалпына келтіруге арналған түрлі құрылғылар орнатылып жатыр. Медициналық орталықта арнайы тұз шахта мен шунгит бөлмелері бар. Сондай-ақ, психолог, логопед, әлеуметтік педагог сынды мамандар қызмет көрсетеді.