#qyzylordatv
Облыс орталығында жұмысшы жас мамандардың республикалық слеті болды. Аталмыш жиынның мақсаты – табан ет, маңдай терімен мәртебесі асқан еңбек адамдарын ұлықтай отырып, қоғамда қат салаларға өскелең ұрпақтың ынтасын ояту. Республика жастарының басын қосқан талқы алаңы турасында тілшіміз тарқатады.
Шыны керек қазір жастардан сұрай қалсаң көбі заңгер, қаржыгер немесе бизнестің тұтқасын ұстағысы келеді. Ал, шын мәнінде төрт түлікті жайлайтын, тұрмысыңды сайлайтын маман қат. Сондықтан бүгінгі буынның қызығушылығын арттыру үшін осындай форматтағы талқы алаңының маңызы зор. Республикалық слетке әр өңірдің белсенді жастарымен қатар, нағыз еңбек майданының шеберлері келді.
ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ / Жастар қоғамның қозғаушы күші деген қағида бар. Мемлекет басшысының бұл бастамасын әсіресе жастар қауымы ерекше ықыласпен қарсы алғаны жасырын емес. Республика көлемінде түрлі форматты шаралар ұйымдастырылып, жастарды қолдауға бағытталған игі бастамалар қолға алынуда/
Қазір қарапайым жұмысшы мамандардың көбі елуді еңсерген. Демек, олардың ізін басатын сапалы кадр даярлау өте маңызды. Бүгінде Сыр өңірінде 28 колледж бар. Соның он тоғызында жұмысшы мамандар даярланады. Әзірге 7 мыңға жуық студент осы бағыт бойынша білім алуда. Жаңа оқу маусымында қоғам сұранысына сай тағы бірнеше сала бойынша маман даярлау ісі қолға алынбақ.
ӘДІЛХАН ТӨЛЕГЕНОВ – САЙРАМ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ/ / Қызылорда облысының кәсіпорындарын, нысандарын аралап көріп жатырмыз. Сыр өңірінде даму қарқынды екені байқалып тұр. Осы қаладағы Қорқыт ата университетін бітіргенмін. Сол бітірген жылдан бері бүгін келіп көріп отырмын. Өте тамаша, даму қарқынды/
Осылайша, жиын делегаттары пленарлық отырыстан соң аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Оның ішінде өңірдегі өнімді өндіріс орындарын аралып, оқу ошақтарының заманауи базасы бақылады. Сондай-ақ, әр өңірден келген жастар жергілікті тауар өндірушілер көрмесіне аялдап, іскерлік тұрғыда тәжірибе алмасты.
ЖАЗИРА ҮРГЕНІШБАЕВА – КӘСІПКЕР /Бүгін біз республикалық слетке өз өнімімізді әкеліп отырмыз. Менде қолөнер бұйымдары. Өзге де өңірлерден қолөнершілер және өзге де саланың мамандары өздерінің өнімдерін әкеліп таныстыруда. Бұл әрі қарай әріптестік байланысты нығайтады деген ойдамыз. Мемлекет тарапынан да қаншама көмектер алып жатырмыз/
Бір сөзбен, биыл президент пәрменімен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы бекер емес. Бұл нақты істердің бастауы болар кезең. Ал, жастардың қабілетін қашап, еңбек адамын жасау – тұтас қоғамға ортақ іс.