#qyzylordatv
Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Былтыр бағдарлама аясында облысқа 2,5 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 376 жоба қаржыландырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл аталған жоба аясында тағы 5,5 млрд теңге қаржы қаралып, 815 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауылдықтардың табысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға сеп болуда. Мәселен, соңғы екі жылда өңірде шағын кәсіпкерлік саны көбейіп, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындар саны артып, нәтижесінде жыл басынан бері жалпы көлемі 37 мың тоннадай өнім шетелге жөнелтілді. Экспорттың негізгі бөлігін күріш құрайды. Бұл өнім Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия және Ирак секілді елдерге шығарылады. Сондай-ақ, балық өнімдері мен қамысқа да сұраныс жоғары.
ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ //Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына үлкен мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда өңірде жүздеген жоба қаржыландырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да кәсіпорындар көбейді. Асыл тұқымды мал басы көбейіп, жылыжайлар ашылды. Біз әр жобаны жүзеге асыруда кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ауылдағы ірі шаруашылықтар да бұл бастаманы қолдап, елді мекендердің әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Соның бір айғағы - Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Абай Дәулет» серіктестігінің қолдауымен ашылған өндірістік орталық. Мұнда бірнеше жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл - ауылдағы кәсіпкерліктің жандануының нақты көрінісі.//