#qyzylordatv
Биыл өңірде 5 мектеп пайдалануға беріледі. Соның төртеуі мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Білім беру ұйымдарының құрылысы кестеге сай жүріп жатыр ма? Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов маңызды жоба аясында облыс орталығында салынып жатқан нысан жұмысымен танысты.
Жалпы, биыл елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 112 білім ошағы пайдалануға берілмек. Соның төртеуі Сыр өңірінде салынып жатыр. Осыған дейін дәл осындай 6 мектеп дер кезінде табысталған. Мамандар бұл жолы да кестеден кешікпейміз, деп отыр. Бірақ сапада салғырттық болмауы керек. Құрылыс барысын бақылаған сенаторлар мердігер мекеме басшыларына осындай талап қойды.
НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ / Біз облыстағы жұмыстарды көру барысында қаржы бөлу мәселесі уақытылы шешілгендігін және мемлекеттік сатып алу процестері заңға сәйкес өткендігіне және сол жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасына көбірек көңіл бөлдік. Өйткені ол қаржы бөлінгеннен кейін халыққа қолайлы, тиімді нысандар салынуы керек. Облыс басшысының жұмысынан байқағанымыз осы құрылыс сапасына ерекше талап қойып отыр/
«Арай» шағын ауданынан бой көтерген білім ошағының құрылысы 2023 жылы басталған. Бұл ұлттық жоба аясында қазығы қағылған өңірдегі ең үлкен мектеп. 1500 орындық білім ошағы жаңа оқу маусымында пайдалануға берілмек. Осылайша осы маңдағы оқушылар алысқа сабылмай, жақын жерде сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалады.
МҰХТАР АХМЕТОВ – МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ /Қазір 210 адам жұмыс істеп жатыр. Осы жаңа оқу жылында пайдалануға береміз. Материалдың бәрі қазақстандық өнімдер. Жоба бойынша 70 пайызға дейін отандық өнім пайдалану талабы қойылған.../