#qyzylordatv

Облыста кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларында оң динамика байқалады. Биыл алты айда өңдеу өнеркәсібі 17 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21 пайызға артқан. Шағын және орта бизнестің үлесі 19 пайызға жетіп, аймақ экономикасының тірегіне айналып отыр. Алдағы бес жылдықта жалпы құны 2,3 триллион теңге болатын 89 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Кәсіпкерлікке дем беретін нақты қолдау нәтижесінде облыста 65 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл салада 113 мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамтылған.Тек алғашқы жартыжылдықта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 265 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Ал кәсіпкерліктің жалпы экономикадағы үлесі 2 пайызға өсіп, 19 пайызға жетті. Өнеркәсіп саласы бойынша аймағымызда мұнай кен орындарының табиғи сарқылуы себебінен қара алтын өндіру көлемі жылдан жылға төмендеп келе жатқаны белгілі. Қазіргі таңда оны шешудің нақты амалдары зерттелуде.

 ДӘУРЕН ӘБІЛҚАЙЫРОВ - ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

//Мысалға, 2008 жылы 11,2 млн. тонна өндірілсе, 2024 жылы 3,3 млн. тоннаны құрады, яғни 16 жылда 3 есе төмендеген.Жалпы, өңірде 27 мұнай компаниясы 46 келісімшарт негізінде жұмыс жасауда. Оның ішінде, бірлескен өндіру мен барлау келісімшарты – 15, барлау келісімшарты – 4, өндіру келісімшарты – 27. Биылғы 6 айда 1,5 млн. тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға немесе 205,4 мың тоннаға төмендеді. Мұнай-газ саласын дамыту және инвестициялар тарту бағытында қолайлы жағдайлар жасау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.//

 Инвестициялық жобалардың ауқымы кең. Биылдың өзінде 27 жоба іске қосылады деп күтілуде. Ірі жобалар қатарында түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу электр орталығы, заманауи кірпіш және айна шығару зауыттары, сондай-ақ қуаттылығы жылына 1,1 миллион тонна қиыршық тас өндіретін өндіріс бар. Ал жеке кәсіпкерлер үшін жалпы құны 23 миллиард теңгеден асатын 1300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 105 жоба субсидияланып, 32-сіне кепілдік берілді.

ДӘУРЕН ӘБІЛҚАЙЫРОВ - ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

//Биылғы жылы құны 553 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын

14 жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауытының құрлысы басталды (34,5 млрд.теңге, 1 ші кезең 9,5 млрд тг ). Олар, «кальциленген сода зауыты (146,4 млрд теңге), «Шалқия» кен-байыту фабрикасы (215 млрд теңге), көкөніс пен жеміс сақтау, алма шырынын шығару кешені (2,5 млрд.теңге) және бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйі (7 млрд. теңге), , «Севен Риверс» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты (53,3 млрд.теңге) және испандық «Рока Групп» компаниясының санфаянс өндіру (құны 40,7 млрд. теңге) жобалары. //

 Сондай-ақ «жасыл энергия» бағытындағы жобалар бастау алуда. Алдағы жылы облыс аумағында қуаттылығы 300 мегаватт болатын 6 күн және 2 жел электр станциясын салу көзделген. Бұл бастамалар өңірдің экологиясына оң әсер етіп, баламалы энергияға көшуге жол ашады.