#qyzylordatv

Ер есімі ұлықталған сайыс. Сырдарияда ақын, мәдениет саласының ардагері, ауданның құрметті азаматы Сейтмұрат Ембергеновты еске алуға арналған үстел теннисінен облыстық турнир өтті. Дүбірлі додаға аймақтың әр түкпірінен 70-ке тарта спортшы қатысты.

Өткеннің ұлағатын ұмытпай, өнегелі жандардың ісі мен есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы. Еске алу шарасы алдымен «Руханият орталығындағы» ақынның шығармашылығына арналған бұрышты тамашалаудан басталды.

Сейтмұрат Сейтжанұлы саналы ғұмырын аймақтың мәдениет саласына арнаған жан. Туған жерін түлетуді көздеген азамат ұзақ жылдар бойы аудандық партия комитетінде меңгеруші, жетекші маман болып қызмет атқарды. Ал, өлкенің мәдениет саласын басқарған шағында аудан орталығында музейдің ашылуына бастамашы болды. Ширек ғасырдан астам уақыт мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен Сейтмұрат Ембергенов өңір өркениетінің дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман, арқалы ақын ретінде ел есінде қалды. Бүгінде арда азаматтың есімі ұмыт қалмай, оның өнегелі өмір жолы кейінгі буынға насихатталып келеді.

 Ақынды ардақтаған спорттық сайыс биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бастама теннисшілер тарапынан қызу қолдау тапты. Облыстық ашық турнирге өңір спортшыларымен қатар көршілес Түркістан облысы мен Шымкент қаласының теннисшілері де қатысты. Ал, жарысты әділ бағалауға тәжірибелі төрешілер шақыртылды.

Еске алу турнирі екі жас ерекшелігі бойынша: ардагерлер мен жасөспірімдер арасында өтті. Бәрінің де жеңіске деген құлшынысы жоғары. Әсіресе, жас та болса үстел теннисінің әдіс-тәсілдерін еркін меңгерген жасөспірімдер жарыс көрігін қыздырды. Бұл теннистің болашағы зор екенін аңғартады.

 Жалпы, Сырдария ауданында соңғы жылдары үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Бүгінде аудан спортшылары облыстық және республикалық турнирлерде топ жарып жүр. Ал, оларға федерация тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

 «Шағын турнир жасөспірімдерді шыбықтайынан шыңдауға мүмкіндік» дейді мамандар. Сайыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.