#qyzylordatv
Биыл Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен мен Далдабай елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы жөндеуден өтіп жатыр. Тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүруде. Өлкедегі жаңа бастамалар мен жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов баспасөз брифингінде хабарлады.
Ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 139,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 222,3 пайызға жетсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 102,5 пайызды құрап отыр.
АРДАҚ ИБРАИМОВ – ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Аудандағы 338 шаруашылықтың 202-сі егінмен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысып келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес барлығы 37 149 гектар жерге егіс орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі 19 764 гектарды құрайды. Осы ретте, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, суды аз қажет ететін дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 167 г көбейтілді. Шаруашылықтар тарапынан биылғы жылы 200 млн теңгеге 14 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді.//
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да жаңа бастамалар жетерлік. Соның ішінде қаржы институттары арқылы кәсіпкерлер ұсынған 127 жаңа жобаға 2,4 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Нәтижесінде 135 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 109 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 24 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, биыл ауданда жолдың жағдайын жақсарту мақсатында 1 млрд 731 млн теңге бөлінген. Қомақты қаржыға 2,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы және Жалағаш кенті мен алты елді мекеннің 38 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
АРДАҚ ИБРАИМОВ – ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ // аталған жобалар толығымен жүзеге асырылған уақытта жақсы және қанағаттанарлық ішкі жолдардың үлесі 88 пайызды құрайтын болады. Сонымен бірге жол саласы бойынша барлығы 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.//
Есет батыр елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту бойынша бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Аудан әкімінің айтуынша, электр желілерінің де тозу деңгейі 32,5 пайызды құрап отыр.
АРДАҚ ИБРАИМОВ – ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Жалағаш, Еңбек, М. Шәменов елді мекендерінің электр желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілер есебінен жоба сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Аталған жобалар бойынша бюджеттен 1 млрд 661 млн теңге қаржы бөлу жоспарлануда.//
Бүгінде аудан халқының 50 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыру мақсатында Қаракеткен мен Далдабай елді мекендерін газдандыруға 1 млрд 178 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме анықталған. Қазіргі уақытта қаржы бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Бұқарбай батыр ауылын газдандыру бойынша демеушілер есебінен жоба сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке ұсынылған.