#qyzylordatv

Спорттан ақжолтай ақпар. Малайзия мемлекетінің Кучинг қаласында өткен таеквондодан жастар мен кадеттер арасындағы Азия чемпионатынан Сыр спортшылары жүлделі оралды. Жеңіс тұғырына көтерілген өрендерді жанкүйерлері мен туыстары темір жол вокзалынан сән-салтанатымен күтіп алды.

 Шілде айының 22-сі мен 29-ы аралығында өткен байрақты бәсекеге 36 мемлекеттен 400-ден астам спортшы қатысты. Олар он салмақ дәрежесі бойынша татами төрінде медальдарды сарапқа салды. Дүбірлі додада алғашқылардың бірі болып шыққан Сыр спортшысы Тоғжан Қазнабек 59 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, финалдық бәсекеде ирандық спортшыға есе жіберді. Осылайша, Тоғжан Қазнабек ел қоржынына күміс медаль салды. Ал, 48 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрперзент Саматұлы шешуші сайыста кореялық спортшыға 2:1 есебімен есе жіберіп, нәтижесінде үшінші орынға ие болды. Отанына олжамен оралған қос спортшы келер жылы Әлем чемпионатында бақ сынайды.