#qyzylordatv
Алты айда елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Ал, еңбекпен қамтылғандар қатары жалдамалы жұмыскерлер есебінен өсіп отыр. Сондықтан әлі де тұрақты жұмыс орындарын ашу өте өзекті. Еңбек нарығындағы түйіткілді мәселелер бүгін үкімет отырысында талқыланып, ізінше нақты тапсырмаларды өңірде орындау жөнінде облыс әкімдігінде жиын болды.
Биыл жұмыспен қамту жол картасы аясында өңірде 46 мың 560 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде осы жоспарлы жобаның 33 пайызы орындалды. Алты айлық көрсеткішпен қарағанда, нәтиже тым баяу. Сондықтан, аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне еңбек нарығын жетілдіріп, қосымша жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Мұнан соң жиында суармалы егіс алқаптарының жағдайы талқыға түсті. Жасыратыны жоқ, биыл вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтуде. Егінге қажетті су көлеміне сұраныс ең жоғары деңгейге жетті. Сондықтан, облыс әкімі «шаруашылық құрылымдары кестені бұзбай, тіршілік нәрін әділ түрде кезектесіп пайдалануы керек», деді. Жиында бос тұрған ғимараттарды тиімді басқару мәселесі де сөз болды. Енді коммуналдық меншіктегі апатты жағдайдағы нысандар белгіленген тәртіппен комиссия арқылы есептен шығарылады. Аймақ басшысы «Қайсар» футбол командасының қазіргі жағдайын да тілге тиек етті. Аталмыш клуб шетелдік аяқдопшылардан арылғалы белгілі. Десе де, Сыр өңірінде жергілікті жас буынның шеберлігін шыңдауға айрықша көңіл бөлінбек.